386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

100 адам Универсиада нышанын Алматы қаласының көшелерімен алып өтеді

  • 606

Бүгін Алматыда 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының салтанатты түрде ашылуы өтеді.

25 қаңтар күні Астана қаласында тұтанған Универсиада алауы еліміздің барлық облыс орталықтарын аралап шықты. Ендігі кезек жаһандық жарыстың қожайыны Алматы қаласында. Санаулы минуттардан кейін алматылықтар Универсиаданың Алау эстафетасын бастайды.

Дайындық жақсы. Бүгін күн райы да тамаша. Мінекей, 22 мың 300 шақырымды артқа тастаған Алау эстафетасы Алматыға да келіп жетті. Жастардың жарысы болғандықтан, алауды тұтату салтанаты қаладағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінде өтіп жатыр. Яғни эстафета да осы тұстан басталады.

Оны Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастайды. Қала басшысы өзіне берілген межені жүгіріп өткен соң жалынды Рио-де Жанейро Олимпиадасының чемпионы, студент Дмитрий Баландинге тапсырады. Одан кейінгі кезек волейболшы бойжеткен Сабина Алтынбековада. Бүгін жалпы саны 100 адам Универсиада нышанын Алматы қаласының көшелерімен алып өтеді. Олардың қатарында ақын-жазушы, актер мен әнші, атақты спортшылар және танымал кәсіпкерлер де бар. Әрбір алаугер шамамен 200 метр жүгіреді. Эстафета сағат түскі екіде аяқталады. Ал 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі кешкі сағат жетіде осы жарысқа арнайы салынған «Алматы Арена» мұз сарайында басталады. Еліміздің 16 қаласынан жиналған 16 алаугер «Алматы Аренадағы» Универсиаданың басты алауын тұтататын болады. Тағы бір айта кететін жайт, Универсиаданың ресми ашылуын сағат 19:00-де «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы