389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Медеу» мұз айдынында қыздар ұзақ қашықтыққа жүгірді

  • 635

Алматыдағы өтіп жатқан қысқы Универсиаданың нағыз қызған шағы.

«Медеу» мұз айдынында қыздар ұзақ қашықтыққа жүгірді. Үш мың метрді еңсеру шеберлікке сын еді. Баптың кезек сұрайтын шағы да осы. Қазақ елі туы астында өнер көрсететін Татьяна Климчук жүлде бөлісіне араласуға бекінген. Алайда бесінші орыннан табылды. Шын мықты Марина Зуева екен. Беларус спортшысы чемпион атанды. Күміс Нана Такахашиға бұйырды. Нана мың метрлікте де көзге түсіп еді ғой. Жігіттер 500 метрлікте күш сынасты. Біздің Роман Креч жетінші орын иеленді. Артем Крикунов тоғызыншы тұр. Алтын медаль кәріс Минкуға бұйырды.

Людмила Прокашева, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Роман Креч әлем кубогында кезең жеңімпазы атанды. Әлі де бабында деп білемін. Бірақ жарыстың бәрінде оза бермейтіні де белгілі. Медальдан әлі де үмітті.

Мәнерлеп сырғанауды еркін меңгергендер мұз үстінде билеп, мүмкін болған ұпайларды ұстанды. Ресей мектебі әлемге аян ғой. Дүние жүзілк додаларда солар көш бастайды. Алматыдағы кешенді сынға тыңғылықты дайындықпен келгені соншалықты, тігілген жүлделерді түп көтеріп, әкетуге бел байлапты. Оған негіз де бар. Әлем чемпионы Елизавета Туктамыщева, Универсиада жеңімпазы Алена Леонова, халықаралық турнирлерде ысылған Елена Родионова қандай да бір жүлдеге лайықты спортшылар. Рас, жапон қызы Хинане Ишобе жақсы екен. Біздің Айза Мәмбекова қысқы бағдарламаны күрделі ақ жасаған екен, бірақ аздап сүрініп, ұпайдан шашау шығарды.

Айза Мамбекова, мәнерлеп сырғанаушы Қазақстан құрамасы:

- Бірінші секірімде сальхо тлуп, үш айналым сальхо екі айналым тлуп болу керек еді. Бірақ өкінішке қарай сәті келмеді. Шынын айтсақ, өте шулы өте ыстық қабылдағаннан кейін шығар.

Шаңғы қоссайысында екі бірдей спортқа икемі барлар өнер көрсетеді. Шаңғы байлап биіктен секіреді, содан кейін Гундерсен әдісімен он шақырымға жүгіреді. Қазақстан намысын бес бірдей жігіт қорғаған еді. Жүлдеге ілінген ешкім жоқ. Тіпті алғашқы ондыққа іліне алмады. Ұзағаны Шыңғыс Ракпаров. Жиырма жасар спортшы он сегізінші орынды қанағат тұтты. Расул Гайырбеков жиырмасыншы, Эльдар Оруссаев одан кейін тұр. Бас жүлде Ресей спортшысы Вячеслав Барковқа тиесілі. Одан кейінгі екі медаль Польша спортшыларына тиесілі. Тау шаңғысындағы жарыс кеше күн райына байланысты өтпей қалып еді. Спортшылар бүгін бақтарын сынады. Қыздар арасында Анастасия Силантьева ешкімге дес бермеді. Супер гиганттағы чемпионның уақыт көрсеткіші 2 минут, 08.24 секунд. Беларус қызы Мария Шканова күміс жүлдегер. Қазақстандық Мария, Мария Григорова 25 орында. Ерлер арасында Кристпас Звежниекс топ жарды. Латыш спортшысы 2 минут 02.20 секунд. Қазақстандық Захар Кучин жиырма сегізінші орында тұрақтады. Өзгелері одан да төмен. Ертең де бірнеше жүлде таратылады. 

Хабар 24 телеарнасы