385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы Универсиадада 70 жастағы шетелдік ерікті қызмет атқарып жүр

  • 430

Дәл осы 28-ші қысқы Универсиадаға ұзынсаны үш мың еріктілер тартылған.

Олар әр салада сан түрлі қызмет атқарып жүр. Қонақ күтіп алудан, шығарып салуға дейінгі жұмыстар көрерменге жол сілтеу мен жарысты өткізуге көмектесу де солардың мойнында. Ерекше белсенді еріктінің бірі - шетелдік Лора Лауден. Енді бір айдан кейін жетпіс бір жасқа толатын Лора Лауден әлі тың. Үнемі бір баптамын дейді өзі. Аризонада ашық бассейндер көп, суға шомылып, сергіп алатын көрінеді. Күні бойы жұмыс істейді. Мамандығы – мұғалім. Әлі сабақ береді. Челябіде туған. Жиырма жыл бұрын ұлынан айрылып, қайғы жамылыпты. Өзін тастап жіберуге сәл қалған. Мамандар кеңесінен кейін мұхит жалдап, Америка асады.

Лора Лауден, ерікті:

- Жаңа ел, жаңа жер. Алғашында қомсындым да. Өзге құрылыс қой. Біздің түсінікке келмейтін. Төселеді екенсің, үйренеді екенсің. 2014 жылы Ресейдегі анама келдім. Біздің қалада, Челябіде дзюдодан әлем чемпионаты өткелі жатыр екен. Жарнаманың бірінде шет ел тілін білетін ерікті іздейтіні айтылыпты. Хабарластым. Алды. Франция құрамасына атташе болдым.

Алматыға дүниежүзілік еріктілер қозғалысының қолқа салуымен келіпті. Қырық жыл бұрын болған екен. «Медеу» есінде. Апорттың дәмі аузында қалған. Енді міне, араға жылдар салып, қайта келудің сәті түсіпті.

Лора Лауден, ерікті:

- Шынымды айтайын. Универсиада жоғары деңгейде өтуде. Ұйымдастыруда мін жоқ. Осында келіп, жасарып қалғандаймын. Көбі жастар. Солармен сөйлесем. Жұмыс көп. Мен тілшілер жағына жауаптымын. Баспасөз маслихаты кезінде де көмектесемін.

Жетпісінде жер әлемді шарлаған ерікті енді Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына баруды аңсайды. Құжаттары қабылданыпты. Енді әңгімелесуден өтеді. Орайы келсе ерікті ретінде барып қайтады.

Авторлары: Амангелді Сейтханов, Ерсін Мұханбеталин.

Хабар 24 телеарнасы