386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Жайық-Орал» экологиялық экспедициясы өз мәресіне жетті

  • 907

Атырауда «Жайық-Орал» тарихи-мәдени экологиялық эскпедициясының мүшелері бас қосты.

Осымен 20-шы рет ұйымдастырылып отырған шара биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Экспедиция Ресей Федерациясының Башқұртстан Республикасы мен Орынбор облысы, сондай-ақ Батыс Қазақстан мен Атырау өңірі арқылы жүріп өтті. Акцияның басты мақсаты - трансшекаралық өзен мәселесіне ел назарын аудару. Атырау облысында «Жайық-Орал» экологиялық экспедициясы өз мәресіне жетті. Қатысушылар қайықпен 300 шақырымнан астам жерді жүзіп өткен. Олар Жайық өзені бойындағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесу өткізіп, өзеннің экожүйесін сақтау мәселесін талқылады. Экспедиция мүшелері шара барысында жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым жолды жүріп өтті.

Елена Тарасенко, «Жайық-Орал» экспедициясының жетекшісі:

- Экспедиция осы жылдар ішінде бірлесіп келісілген іс-шараларды қабылдау қажеттігіне қос мемлекет назарын аудартты. Менің ойымша, бұл бағытта жұмыстар атқарылуда.

Өзеннің экожүйесін сақтау - өзекті мәселелердің бірі. Өйткені соңғы 20 жылда Жайықтағы су деңгейі 2,5 есеге азайған. Мамандардың пайымдауынша, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан алғанда, бұның салдары ауыр болуы мүмкін. Жергілікті тұрғындар мен ауыл шаруашылығы нысандары тіршілік нәрінсіз қалып, кеме және балық шаруашылығы тұралап қалуы ықтимал.

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

- Жайықтың суы мол болуы жөнінде, ағысының екпінін күшейту жөніндегі шаралар қажет екенін барлығы түсініп отыр. Біз өз тарапымыздан, үкіметтің алдына өзеннің түбін тереңдету жөнінде мәселелерге қаражат бөлу мәселесін қойған болатынбыз. Өзіміз де жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, келесі жылы осы істерді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Өз кезегінде, Орынбор облысының губернаторы бірнеше күннен соң өзен деңгейінің көтеріле бастайтынын мәлімдеді. Мамандар Жайықтың су деңгейінің төмендеуін Ресей аумағындағы ең ірі Ирикла су қоймасымен байланыстырады. Мұнда биыл соңғы бірнеше жылдан бері алғаш рет су тола бастады. Енді секундына 15-тен 60 текше метрге дейін су жіберіледі. Жайық өзеніне соңғы 15 жылда мұндай көлемдегі су жіберілген емес.

Юрий Берг, Орынбор облысының губернаторы /РФ/:

- Ирикла су қоймасынан жіберілетін су көлемін көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Бұрындары қажетті мөлшерде жиналмайтындықтан, суды жібере алмайтын едік.

Қазір батысқазақстандық және орынборлық ғалымдар Жайық өзені бассейнінің жағдайын бақылауға алды. Бұл жұмыстардың қорытындысы бойынша мамандар әрі қарайғы шаралардың басым бағыттарын айқындап, қос мемлекет үкіметінің қарауына ұсыныс енгізбек. Қазір екі ел арасында жаңа келісім дайындалуда. Экспедиция мүшелері, жақын арада құжатқа қол қойылатынына сенімді.

Авторлары: Талгат Өтеғұлов, Әзілхан Уахитов. 

Хабар 24 телеарнасы