418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік Қазақстанда білім күні 25 мектеп пайдалануға берілді

  • 1114

Оңтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай 25 мектеп пайдалануға берілді.

Білім күні оқушыларға есігін айқара ашқан жаңа ғимараттардың 2-еуі мектебі жоқ елді мекенде, қалғаны үш ауысымды және апатты нысандарды жою мақсатында салынған. Алдағы үш жылда өңірдегі мектеп төңірегіндегі түйткіл толық шешіледі,- дейді облыстық білім басқармасындағылар. Ел игілігіне берілген білім ұяларының ең үлкені Шымкентте ашылды. Бұрынғы апатты мектептің орына салынған нысан 900 орынға лайықталған. Қала іргесіндегі Ынтымақ аулының балалары бұл күнді ұзақ күтті. Оқушылар бірнеше жылдан бері апатты білім ұясының тар бөлмелерінде қысылып оқитын. Бастауыш сынып оқушылары тіпті үш ауысымда білім алған еді. Шәкірттер өз алдына ғылыми жұмыспен айналыспақ түгілі кейбір шараларды далада өткізетін.

Қарлығаш Әбубәкірова, 10 сынып оқушысы:

- Ескі мектепте жағдайымыз іс шараларды біз сыртта өткізетінбіз. Акт залы жоқтығынан. Компьютерге отырайық десек барлығы жабдықталмаған еді. Химия, физика сабақтары прибролармен зерттеуге кабинеті жоқ болатын. Кабинеттік жүйе деген болмайтын. Енді мына мектепте әр пәнді жеке-жеке кабинетте оқимыз деген ойдамыз.

Енді заман талабына сай бой түзеген зәулім ғимаратта мыңнан астам бала білім алады. Бұнда оқушыларға үш тілде білім беріледі. Бала саны бұдан да артуы мүмкін,- дейді мұғалімдер. Өйткені нысан халық саны көп ауданда орналасқан. Көптен күткен алғашқы қоңырау соғылысымен қол ұстасқан шәкірттер сыныптарына қарай асықты. Әсия Джанысованың 20 жылға жуық еңбек өтілі бар. Биология пәнінің мұғалімі қиындықтардың артта қалғанына қуанады. Себебі апатты мектепте шығармашылықпен айналыспақ түгілі балаларға дәріс оқудың өзі қорқынышты еді,- дейді ұстаз.

Әсия Джанысова, №54 жалпы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі:

- Көрнекі құралдарымыз толық жеткілікті. Плакаттарымызда да бар. Микроскопиялық зерттеу жұмыстарын жасауға мүмкіндік туып отыр. Және өзіміздің жеке кабинетіміз бар. Онда шығармашылықпен айналысамыз. Оқушыларға қосымша сабақ өтуге де болады. Ондай мүмкіндік бұрын жоқ еді.

Білім күні оңтүстікте 25 мектептің тұсауы кесілді. Олардың дені қала іргесіндегі Сайрам, Төлеби, Сарыағаш және Қазығұрт пен шалғайдағы Мақтарал ауданында орналасқан. Облыстық білім басқармасындағылар жыл соңына дейін тағы бірнеше білім нысанының құрылысы бітеді,- деп отыр.

Қуандық Құлажанов, Облыстық білім беру басқармасының басшысы:

- 98 апатты мектебіміз бар үш ауысымда 37 мектеп бар. Облыстық басқармамен жалпы мектептерге талдаулар жасалып 205 мектептің қажеттілігі анықталды. 66 мектеп республикалық бюджеттен қалған жергілікті бюджеттің есебінен жүргізілетін болады. Ол алдағы үш жылға есептеліп отыр.

Облыс бойынша 73 мыңнан астам бала бүгін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың балаға артық.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Нұрмахан Бекмұратов.

Хабар 24 телеарнасы