418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда әлеуметтік тақырыптағы қысқаметражды роликтер байқауы мәреге жетті

  • 1355

Талдықорғанда «Шырақ» атты әлеуметтік қысқаметражды роликтер байқауы мәреге жетті. Республика Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған биылғы байқауға Жетісу өңірінің әр аймағынан 12 үміткер қатысып, бас жүлде үшін бақ сынады. Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы әлеуметтік роликтер байқауын жыл сайын өткізеді. Сондықтан аймақта оған қызыға қатысатындардың қатары артып келеді. Биыл да әр саланың өкілдері шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Ал тақырыптар алуан түрлі.

Айдын Нұрмұхамбетов, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы:

- Ережеге сәйкес бұл жерде жаңағы сапасына, басқа да жағына қарамаймыз. Бұл жердегі ең басты мақсат – жастардың ойы. Осы ойымызды негізге ала отырып, осы тақырыптарды қалай ашатындығын байқай отырып біз жастарды анықтап отырмыз.

Байқаудың қорытынды кезеңіне ең таңдаулы 4 жұмыс іріктеліп алынды. Солардың арасынан суырылып алға шыққаны - Кербұлақ ауданынан келген Алмас Мыңбаевтың еңбегі. Жастардың аудандық ресурстық орталығында қызмет ететін талапты жас сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбын, яғни парақорлық мәселесін көтерген. Оған бас жүлде берілді.

Алмас Мыңбаев, бас жүлде иегері:

- Балаларға, жастарға қазіргі ақшамен алысқа бара алмайтындығын жеткізгіміз келді.

Қысқаметражды роликтер арқылы да тұшымды ой айтуға болады. Шығармашылыққа әуес ауыл жастарының мүмкіндіктерін соған жұмылдыра білу керек. Кім біледі, әуесқой камерамен-ақ сәтті қадам жасаған жастардың арасынан келешекте ел таныған режиссерлар шығар. Біздің мақсатымыз сондай талапты жастарды қолдап, көпшілікке таныстыру,- дейді байқауды ұйымдастырушылар.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов.

Хабар 24 телеарнасы