384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын Атырау облысы үлкен жетістіктермен қарсы алмақ

  • 1234

Елімізде кезеңімен дамып келе жатқан аймақтың бірі - Атырау облысы. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мұнайлы өлке үлкен жетістіктермен қарсы алмақ. Өңір экономикасының негізгі тірегі мұнай-газ секторы екені белгілі. Сонымен қатар облыста түрлі саланы қамтитын ірі кәсіпорындар бой көтеріп, шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығы қатар өркендеп келеді. Соның арқасында соңғы жылдары өңір экономикасы әртараптандырылып, қалыпты даму бағыты айқындалды. Өткен жылы Атырау облысында өндірілген жалпы аймақтық өнім 4 триллион теңгеден асып түсті. Ал 25 жыл бұрын бұл көрсеткіш 900 есеге аз, яғни 4,5 миллиард теңгені ғана құрайтын. Мұнай-газ секторы ғана емес өңірде жеңіл және ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында республика бойынша баламасы жоқ жобалар жүзеге асырылды. Осының арқасында аймаққа сырттан тасымалданатын тауарлар ығыстырылып, ішкі нарық жергілікті өнімдермен қамтамасыз етілді.

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

- Бұған үлкен септігін тигізіп отырған Президенттің тапсырмасын орындау бағытындағы «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында бөлініп жатқан орта және шағын бизнесті дамытуға бөлініп отырған қаражаттар, инфрақұрылымды дамытуға бөлініп жатқан қаражаттар осы мемлекеттік қолдаудың, әкімшілік қолдаудың нәтижесі ретінде қазіргі таңда Атырау облысы көкөніс, картоп, сәбіз, пияз және басқа түрлерімен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр.

Соңғы жылдары жүзеге асырылған тың жобалар өңірдегі шағын және орта бизнестің серпінді дамуына айтарлықтай үлес қосты. Атап айтқанда, азық-түлік, ауыл шаруашылығы, машина жасау, мұнай-газ өндірісіне сервистік қызмет көрсету саласындағы серпінді жобалар аймақ экономикасының өрлеуіне ұйытқы болып отыр.

Әлия Бекқожиева, облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы:

- 25 жылда бұл бізді Қазақстанның біраз қол жеткізген табысы. Бүгін Атырау облысында 50 мыңнан аса кәсіпкерлік субьектілері бар, ол кәсіпкерлер 120 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сүлеймен Ақдрәшев Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Англия, Түркия елдерінде оқыған білікті жас маман қазір ірі сервистік компанияны басқарады. Отбасылық негізде құрылған кәсіпорынға да биыл 25 жыл толып отыр. Алғашында 10 адам жұмыс істейтін шағын шеберхана болып құрылған компанияда қазір 5 мыңнан астам отандасымыз еңбек етіп жатыр.

Сүлеймен Ақдірәшев, сервистік қызмет көрсету компаниясының бас менеджері:

- Қазақстанды 25 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға мүлде келмейді. Бала кезім есімде ата-анам қандай жұмыс табылса соны істеп, нәпақа тауып, отбасын асырады. Біздерді оқытып бүгінгі күнге жеткізді. Биыл мен 25 жасқа келдім, Тәуелсіздіктің арқасында өзімді еркін сезінемін және еліміздің болашағы жарқын болуы үшін қолымнан келгенше еңбек етемін.

Облыста индустриалды карта және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша 2 триллион теңгенің 52 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жобалар негізінде 5,5 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар 37 миллиард доллар қаржы салынған Теңіз кенішін игерудің болашақ даму жобасы жылына 12 миллион тонна шикізат өндіруге мүмкіндік бермек. Құрылыс жұмыстары қызған кезеңде мұнда 20 мың адам еңбек етеді. Осының барлығы тұрғындардың әлеуетінің артуына және ұлттық экономиказдың өрлеуіне сүбелі үлес қосатын болады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Әзілхан Уахитов.

Хабар 24 телеарнасы