426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жаңа балабақша пайдалануға берілді

  • 1209

Өңірдің әлеуметтік дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жамбылдық кәсіпкер соңғы үш жылда үш балабақша салды.

Никон Ким тиімді жобасының барлығын мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырған. Ол кезекті бөбекжайды Шу қаласында салып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ел игілігіне ұсынды. Жаңа балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде жұмыс істейді.

Бұл Жамбыл облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде ашылған 50-балабақша. Ғимарат 150 орынға шақтап салынған. Қазір бүлдіршіндер қабылданып, тәрбиешілер жұмыстарына кірісіп те кетті.

Жаңа нысанның ішінде мектеп жасына дейінгі балаларды оқытып, тәрбиелеуге қажеттінің барлығы бар. Музыка, спорт, ойын залдары мен алаңдар қарастырылған. Мектепке дейінгі мекеме қызметі үшін ата-аналар әр балаға 10 мың теңге көлемінде төлейді. Ал қалған бөлігі бюджеттен бөлінеді.

Никон Ким, кәсіпкер:

- Бұл тиімді әрі пайдалы бизнес. Балалар біздің келешегіміз. Болашақта еліміздің ертеңі үшін жұмыс істейтін осы бүлдіршіндер болады. Сондықтан барынша дұрыс тәрбие беріп, білімді ұрпақ дайындауымыз қажет. Өз басым қаражатты осындай игі іске салғанды жөн көрем.

Қабира Төлендиева, Шу қаласының тұрғыны:

- Балабақшамыз кішкентай, жиһаздары өте ескі болатын. Қазір аралап көріп, өте қуаныштымыз. Қазіргі заманымызға сай. Осының бәрі «Балапан» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан іс деймін.

Жалпы Шу ауданы бойынша 943 бала кезекте тұр. Оның 700-ге жуығы қаланың кішкентай тұрғындары.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы