419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып жатыр

  • 945

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бүгін Алматыда екі бірдей тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды.

Бұл жобаны іске асыру үшін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қаржы бөліп отыр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тағы бір игі бастама қолға алынды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша енді бірер жылдан кейін Алматы қаласының Медеу ауданында 9 қабатты 24 үй бой көтереді. «Арена Сити» заманауи үлгідегі тұрғын үй кешені болмақ.

Бауыржан Мамыталиев, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының басшысы:

- Бұл үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 97 миллион теңге бөлінді. Жалпы Қазақстан бойынша 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Жаңа пәтерлердің бағасы қазіргі нарықтағы бағамен салыстырғанда, әлдеқайда қолжетімді болады деп есептейміз.

Ал қаланың батыс жағынан бой көтеретін эконом санаттағы 11 және 12 қабатты 1056 пәтерлі үйлерді «Алатау Сити» құрылыс компаниясы салады. Бүгін құрылыстың алғашқы жұмыстарын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов пен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының басшысы Бауыржан Мамыталиев және «Алатау Сити» құрылыс компаниясы басшысының орынбасары Асқар Алтаевтар бастап берді.

Асқар Алтаев, «Алатау сити» құрылыс компаниясы басшысының орынбасары:

- Баға жағынан келсек, бізде әлеуметтік жоспар бойынша осы біздің пәтерлердің бағасы 258 мың теңгеден басталады. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша төменгі баға деп есептеймін. Үйдің маңынан паркинг салынады 3 мың машинаға. Және 450 орындық балабақша салынады.

Құрылыс нысандарына жұмсалатын қаржының 80 пайызын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры, ал 20 пайызын «Алатау Сити» компаниясы инвестициялайды. Алматыдағы «Арена Сити» және «Алатау Сити» көппәтерлі тұрғын үй кешендері 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев, Ерлан Әбжанов.

Хабар 24 телеарнасы