424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналықтар этно-мәдени бірлестіктер ұсынған концертті тамашалады

  • 742

«Біздің күшіміз бірлікте».

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен этно-мәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары ұсынған шара осылай аталады. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен өткен гала-концерт алдында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ұстаның заты, шебердің туындысы жұрт назарына ұсынылды. Әркім өз өнерінің озық тұсын танытып, білгенін ортаға салды. Бұйымдар мен әшекейлер, ағаштан ойылған, темірден құйылған, зергердің қолынан өткен заттар да биік талғам, үлкен ыждағатпен жасалғаны байқалды. Көрушілер тамсанып, сыншылар баға берді. Алушылар да болды. Табан асты әшекей соққан ұстаны көрдік, білгенімен бөліскен шеберді кездестірдік.

Әлібек Нышанбаев, ағаш оюшы-шебер:

- Ағаш оюмен он екі жасымнан бері айналысамын, он үш жылдай болып қалды. Ағаштан тоғызқұмалақ, астау, сандықшалар, қобдишалар жасаймын. Тағы да басқа қазақтың қолөнер бұйымдарын жасаймын.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

- Керемет акция жүріп жатыр. «Бірлік – біздің күшіміз» атты. Бұл – өте маңызды жиын. Қаншама этнос өкілдерінің басы қосылуы халықтардың бірлігін тағы да дәлелдейтін, осындай бір нағыз мәмілеге келу десе де болады.

Артынша гала-концерт басталды. Елімізді мекендеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық әні шырқалып, биі биленді. Осалы жоқ. Бәрі де әртүрлі байқауларда жүлде алғандар. Арқаны шымырлатқаны мынау, белорус қызы «Қазақстаным, Алға» аталған әнді түпнұсқада айтты. Поляк ұлы «Айқаракөзді» ұсынды. Суын ішкен елге деген құрмет ол. Қазақтың өнерін үйрену, өнеге деп тану. Жалпы бірлікке ұмтылудың өзіндік үлгісі деп танимыз.

Хабар 24 телеарнасы