423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде жастар театрлары арасындағы байқау өтіп жатыр

  • 1186

Семейде «Қазақстан жастарын қолдау» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен студент жастар театрлары арасында байқау басталды.

Шымылдығы 5-ші мәрте түрілген дәстүрлі шара биыл  тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып отыр. Оған қаладағы жоғарғы және орта оқу орындарынан алдын-ала іріктеуден өткен 7 театр ұжымы қатысып жатыр. Байқауға қатысушыларға қойылған талап қатал. Әр ұжым көлемді шығармаларды ықшамдап, 15 минуттық мини-спектакль әзірлеуі тиіс. Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің «Ес-аймақ» театры «Шаңырақ шаттығы» қойылымын сахналапты. Мұнда Семей полигонынан зардап шеккен отбасының мұң-зары, тәуелсіздік таңы атқандағы шаттығы, еліміздегі береке мен бірлік, барлығы әдемі үйлесім тапқан.

Болат Қамзин, Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінің аға оқытушысы:

- Семей полигонының жабылғанынан бастап, қазіргі күнге дейінгі 15 минутқа лайықталған, шағындап қысқартып әкелдік, оның режиссері менің көмекшім, шәкіртім, 4-курс студенті Ұлжан Сыдықова деген талай ойындарда басты рөлдерді сомдап, бас жүлде алғаннан кейін, қазір режиссерлікке ден қойып жүр.

Көлік колледжінің «Серпіліс» театры Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармасына ұзақ дайындалғандарын айтады. Техникалық мамандық игеріп жатқан жастарды сахнада кәдімгі әртістерден ажырату мүмкін болмады.

Айгүл Иманбекова, Семей көлік колледжінің студенті:

- Бұл байқау бізге үлкен шабыт берді. Бізде театрға деген деген студенттерде сүйіспеншілік көп болғандықтан ешқандай қиындық тудырған жоқ. Біз өте қуаныштымыз.

Еркебұлан Тұрсын, «Қазақстан жастарын қолдау» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Бүгінгі байқаудың мақсаты – салт-дәстүр, дініміз бен тілімізді өскелең ұрпаққа насихаттау. Жас өнерпаздардың шығармашылық қасиеттерін одан әрі арттыру. Семей қаласындағы студент жастар театрларын белгілі белеске шығару.

Бүгінде Семей қаласының жоғарғы және арнаулы орта оқу орындары жанында 15 театр жұмыс істеп тұрғанын айта кетейік. Ұйымдастырушылар болашақта осындай байқауды аймақтық деңгейде де өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы.

Хабар 24 телеарнасы