376,74 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық дәрігер Қазақстан хирургиясына қосқан үлесі үшін алтын медаль иеленді

  • 747

Қостанайлық дәрігер Қанат Әбілдин «Қазақстан хирургиясына қосқан үлесі және сіңірген еңбегі үшін» алтын медаліне ие болды.

Марапат Алматы қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен 20 елдің өкілдері қатысқан Халықаралық жиында табыс етілді. «Бұл - ақ халатты абзал жандарға деген қоғам құрметі. Егемендік жылдары қарқынды дамыған өңір медицинасына берілген баға», - дейді ардагер дәрігер. Ақ халатты кию – адам тағдырының жауапкершілігін мойнына алу. Қанат Әбілдиннің осындай ауыр да абыройлы міндетті арқалағанына қырық жылға таяды. Еңбек жолын ауданнан бастаған ол, түрлі сатыдан өтті. Бүгінде облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Соңғы жылдары мұнда жаңа инновациялық жабдықтар келіп, бұрын мүмкін болмаған күрделі операциялар Қостанайдың өзінде жасалады.

Қанат Әбілдин, облыстың бас хирургі:

- 800-ден астам операция жыл сайын бұрын еш уақытта істелінбеген, 52 түрлі сондай жаңағы тәсілдермен жасалынады. Ол кардиохирургия саласында, интервенциялық хирургия саласында, травмотология, урология, жалпы хирургия саласында қолданатын тәсілдер.

Қостанай облыстық ауруханасында қазір жылына он мыңдай науқас ем алады. Соның жартысына жуығына тегін операция жасалады. Ең күрделі оталар бас хирургтің қатысуымен өтетіні белгілі. Білікті, қолы жеңіл дәрігер Қанат Әбілдинді жас мамандар ұстаз, өз ісінің білгірі ретінде қадірлейді.

Сырлыбек Мысжанов, пациентті қолдау және ішкі бақылау қызметінің басшысы:

- Мамандығы хирург болғаннан кейін мінезі мықты. Керек жерде өз ойын айтады. Өз ойында тұрады. 100 пайыз деп те айтуыма болады, шешімі дұрыс болып шығады.

Қанат Әбілдин өз тәжірибесінде 10 мыңнан астам адамға операция жасаған. 84 жастағы Қамият Базарбаев - ақ халатты абзал жанның шипасын көргендердің бірі. Зейнеткер дәрігерге де, аурухананың қызмет сапасына да дән риза.

Қамият Базарбаев, қала тұрғыны:

- Қолы жеңіл екен. Періштенің қолы сияқты жеңілдігі. Одан артық не айтайын. Тек қана алғысымды айтамын, рақметімді айтамын. Балаларының қызығын көрсін. Қызметі жемісті болсын деймін.

Қанат Әбілдин, облыстың бас хирургі:

- Мен үшін ең басты марапат халықтың, науқастың аман-сау шығып, рақметін айтып, көңілді, дені сау болып шыққаны. Одан артық басқа біз үшін марапат жоқ

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедияров.

Хабар 24 телеарнасы