428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі ашылды

  • 2190

Қай дәуірде де кітап өз құндылығын жоймайды.

Алайда сандық технология төрге озған қазіргі заманда жастардың оқулыққа құлқы төмен. Дәстүрлі кітаптан қол үзіп барамыз, - дейді баспа саласының мамандары. Бүгін Астанада ашылған Еуразиялық халықаралық көрменің мақсаты да осы, оқырман мен жазушы арасындағы байланысты жандандырып, баспа ісін дамыту. Мұндай көрмелер өркениетті елдерде жиі өтіп тұрады. Қазақстанда тұңғыш қолға алынған кітап жәрмеңкесін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова салтанатты түрде ашып, көрменің мемлекеттер арасында тарихи, мәдени байланыстар орнатуда ролі зор екенін атап өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мәдени жәрмеңкеге 14 мемлекеттен 80-нен аса баспа мекемелері қатысып, рухани дүниелерін көпшілікке төмен бағамен ұсынып жатыр.

Людмила Кирилинская, баспа мекемесінің бас директоры:

- Бұл көрменің маңызы зор. Себебі баспа саласындағы мамандар өзара байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар. Біздің еліміз кітаптың құнын жақсы біледі. Әсіресе кішкентай бүлдіршіндерге қызықты кітаптар шығаруға ден қоямыз. Бала кітаптағы түрлі ойындар арқылы оқуды үйренуі керек.

Ілесхан Сманов, педагогика ғылымдарының докторы:

- Бізде кітапты оқитындар да өте көп. Жасы үлкені де, жастар да оқып жатқандары көп. Бірақ әлі де болса, адамның өміріне азығының бәрі осы кітаптың ішінде, алар білімінің бәрі кітаптың ішінде деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі өткізіліп жатқан кітап көрмесінің маңыздылығы өте жоғары.

Балалар әдебиетінен бастап, қазіргі заманға қажетті салалық оқулықтар да көрме сөресінен орын тапқан. Төрт күнге созылатын кітап жәрмеңкесі аясында ғылыми конференция да өткізіліп, алты елден келген ғалымдар өзара пікір алмасады.

Дихан Қамзабекұлы, профессор:

- Бізде оқырманмен ғылыми орта, оқырман мен баспа осы аралықтағы мәселе ғылыми қауымның талқысына түседі. Біз кітап құндылығын жаңа заманда, жаңа форматта қалай тануымыз керек деген бағытта ғылыми ойлар айтылады.

Әлібек Асқаров, жазушы:

- Бұл жаңағы кітап саудасымен айналысатын баспагерлерге, кітап саудасымен айналысатын адамдарға үлкен көмек. Өйткені әріптестері келеді өзге елдерден, солармен келісімшартқа тұрады. Олардың әдемі кітаптарын қазақша, орысша бізде шығаруға болады. Әсіресе балалар кітаптарын, ал біздің кітаптарды шетелде шығарып жатады.

Хабар 24 телеарнасы