426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында жаңа үш ұңғыма іске қосылды

  • 713

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Жамбыл облысының «Амангелді» газ конденсаты кен орнында жаңа 3 ұңғыма пайдалануға берілді.

Соның арқасында, «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы иелігіндегі ұңғымалардың жалпы саны 40-қа жетіп отыр. Сондай-ақ, аталған кен орнында халықаралық талаптарға сай заманауи зертхана іске қосылды. Бұл жоба «ҚазТрансГаздың» «Газ және газбен жабдықтау саласындағы 100 қадам» стратегиялық жоспарына сай жүзеге асырылды. Жаңа ұңғымалардың іске қосылуы «Амангелді газ» кен орнында көгілдір отын өндірудің орташа тәуліктік көлемін 1 миллион текше метрден түсірмеуге мүмкіндік береді. Жуырда компания «Айрақты» кен орнынан Амангелдіге дейін ұзындығы 24 шақырымды құрайтын өндірісішілік газ құбырын салып бітті.

Қанат Құрманалиев, «Амангелді газ» ЖШС бас директоры:

- Бұл жаңалықтың барлығы - «ҚазТрансГаз» компаниясының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тартуы. Ал алдағы уақытта «Айрақты» кен орнын іске қосамыз. Ол бірнеше ұңғымамен жұмыс бастайды, газ жинау стансасы соғылады. Осылайша, ресурстық базамызды ұлғайту көзделіп отыр

Енді мұнда өндірілетін газ конденсаты жоғары технологиялы аппараттар арқылы химиялық талдаудан өтеді. Жаңа зертхана мамандарға көгілдір отынның сапасын мұқият тексеріп отыруға мүмкіндік берді.

Александр Федорович, «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» ҚБ Жамбыл филиалының директоры:

- Мен отандық газ саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Мұндай жұмыс жағдайы бұрын болған емес, жаңа зертхана, басқа да жаңашылдықтардың берері көп. Осы арқылы Ұлттық оператордың әлеуеті ұлғайып, тәуелсіз еліміздің қуаты да артады деп санаймын.

Бұл оң өзгерістердің нәтижесінде еліміз сырттан келетін көгілдір отыннан бас тартып, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Ал «Амангелді» кен орны 2003 жылы іске қосылған болатын. Сол уақыттан бері мұнда 4 миллиард текше метр табиғи газ өндірілген.

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Бақытжан Бапаев.

Хабар 24 телеарнасы