«Хабар» арнасынан АЭФ туралы бағдарлама көрерменге жол тартады

Биылғы Астана экономикалық форумының қандай ерекшелігі бар? 500-ге тарта спикердің басын қосатын алқалы жиында қандай өзекті тақырыптар қозғалады?

Осы және басқа да сұрақтардың жауабын «Хабар» арнасынан Александр Трухачевтің «Астана экономикалық форумы 2018: Глобал челлендж саммит» бағдарламасынан біле аласыздар. 

45 минутқа жалғасатын ток-шоу білікті мамандардың басын қосқан орталыққа айналды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтынан 40-қа жуық сарапшы келіп, бас шаһарымызда өтетін Астана экономикалық форумындағы өзекті тақырыптарды талқыға салды. Танымал саясаттанушы Булат Столяровтың айтуынша, бағдарламада форум тұжырымдамасы мен стратегиясы басты назарға алынды.

Булат Столяров, саясаттанушы:

- Сарапшылар «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы жобалар мен реформалардың, сондай-ақ еліміздің  Үшінші жаңғыруы жоспарының бүгінгі әлімдік трендтермен байланысын жан-жақты қарастырды. Форум қорытындысы бойынша жаңа жобалардың енгізілуі де сөз болды.

Бағдарлама жүргізушісі Александр Трухачев үш күнге жалғасатын Астана экономикалық форумы көпшілік тарапынан жоғары қызығушылық тудырып отыр дейді. Себебі биылғы жиынға қатысатын спикерлар саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Алқалы кездесуде 500-ге тарта спикер бас қосады.

Александр Трухачев, бағдарлама жүргізушісі:

- Биылғы Астана экономикалық форумы өзгеше болатындығы, жаңашылдықтар енгізілетіндігі туралы бұрыннан белгілі болды. Форумның тұжырымдамасы мен стратегиясы өзгеретіндігі туралы да айтылып жүрді. Бірақ қалайша екендігі белгісіз еді?! Міне бүгін біз кейбір айтылмаған сырларды аштық деп ойлаймын. Енді көрерменге жаңа әрі қызықты ақпаратты ұсынбақпыз.

Астана экономикалық форумына шолу жасауға ниетті азаматтар бағдарламаны бүгін «Хабар» арнасынан кешкі сағат 21:30-да тамашалай алады.  

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Ержан Рахманбердиев