414,77 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР Президенті қаржы секторын жаңғырту жөнінде бағыт-бағдар берді

  • 796
  • UPD: 13:37, 31.01.2017

Елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қалыптастыру – жолдауда жүктелген тағы бір маңызды міндет.

Бұл ретте Президент инфляция деңгейін кезең-кезеңімен 3-4%-ға төмендетіп, қаржы секторын жаңғырту жөнінде бағыт-бағдар берді. Әсіресе банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыру керектігін атап өтті.

Сонымен қатар қор нарығын одан әрі дамытуға тоқталды. Ол үшін халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін арттыруды тапсырды.

Айта кеткен жөн, былтыр елімізде заңдастыру науқаны аяқталып, 5,7 триллион теңгенің мүлкі мен қаражаты жарыққа шығарылды. Енді үкімет бұл қаражатты экономикаға тартуы тиіс. Мемлекет басшысы салық-бюджет саясатын да дамытып, шығыстардың тиімділігін түбегейлі арттыруды міндеттеді. Осы ретте республикалық бюджеттің 40%-ын құрайтын денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым министрліктерінің қаражатты игеру жұмыстарын тексеруді тапсырды. Бұған қоса, салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес секторға бағыттау жолдарын ұсынды.

Хабар 24 телеарнасы