432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар: Қазақстанда жаңғыртуды жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған

  • 1110
  • UPD: 19:52, 18.02.2017

Украин сарапшыларының айтуынша, Қазақстанда жаңғыртуды жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған.

Киевте Қазақстан тәжірибесі мен Президент Назарбаевтың жолдауын экономистер мен саясаттанушылар ынта-ықыласпен талдап-таразылап жатыр. Талқылауға студенттер де атсалысты.

Украиналық студенттердің 70%-дан астамы болашағын туып-өскен Отанымен байланыстырмайды. Бірақ мұндай күйінішті статистикаға қарап, оларда отансүйгіштік сезім өшкен деп айта алмайсыз. Себебі қазір елде экономикалық жағдай қиын. Келешекке жасалған жағымсыз болжамдар жастардың ойын бұзып, шетелден жұмыс іздеуге мәжбүрлей түсті. Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Самат Ордабаевтың айтуынша, мемлекет жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне назар аударуы тиіс. Ол Киев қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде студенттерді Қазақстанның тәжірибесі мен Үшінші жаңғыртудың негізгі қағидаларымен таныстырды. Сөйтіп, Украина экономикасына қатысты мәселелерге тоқталып өтті.

Юрий Бондарчук, студент:

- Украина мен Қазақстан арасындағы экспорт-импорт операциялары, одан қалды Қазақстан экономикасының сенімді дамуына дәлел болатын нақты сандар мен мысалдар. Осының бәрін мен қызыға тыңдадым. Менің ойымша, біздің мемлекет Қазақстаннан үлгі алғаны дұрыс.

Сарапшылардың айтуынша, Украина мен Қазақстанның егемендік жолы бірге басталды. Алайда 25 жылдан кейінгі нәтижеге қарасақ, екі елдің айырмашылығы жер мен көктей.

Алла Касич, экономика ғылымдарының докторы:

- Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, Украинада халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 7 мыңнан сәл асса, Қазақстанда – 25 мың. Украинаға қарағанда, Қазақстанда халықтың жан басына шаққандағы жиынтық инвестициясы 3,5 есе көп. Сондықтан жаңғырту ісін кешенді түрде жүзеге асыруға бағытталған «Қазақстан-2050» даму стратегиясы елдің әлеуетін алға қарай жылжытуға негізделген маңызды құжат екенін дәлелдей алды деп есептеймін.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мемлекетті тиімді басқара білді. Елдің бүгінгі жетістігіне әсер еткен бірден бір себеп осы. Қазір Қазақ елінің саяси кейпі посткеңестік кеңістікте ең үздік саналады. Сарапшылардың тағы бір сөзіне құлақ түрсек, соңғы жылдары Украина мен Қазақстан арасындағы серіктестік көңіл қалағандай дамып жатыр деп айта алмаймыз. Мысалы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы соңғы төрт жылда 5 есе төмендеген. Сол себепті Украина жаңа серіктестікке жол ашатын Қазақстанның Үшінші жаңғыртуына қызығады.

Авторлары: Анна Панащук, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы