Астанада EXPO көрмесіне билет сататын кассалар ашылды

Олар «Керуен» және «Хан Шатыр» ірі сауда орталықтарында орналасқан. Мұнда келген әр адам 50 билетке дейін сатып алады.

Бұған дейін тек электронды сатылымға шығарылған билеттер енді осында келіп қолма-қол сатып алуға болады. Бүгін Астана мен Алматы қалаларында 2 кассадан ашылды. 10 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірлерінің тұрғындары осындай мүмкіндікке ие болады.

EXPO көрмесіне кіру билеттері бір ай бұрын «Қазпошта» компаниясына қарасты 2 жарым мың бөлімшеде электронды түрде сатыла бастады. Осы күнге дейін 500-ден астам билет иесін тапты. «Астана-Экспо 2017» компаниясы халыққа қолжетімді әрі тұрақты бағада ұсынып отыр.

Айнұр Күнқожаева, «Қазпошта» АҚ қаржы істері жөніндегі басқарушы директоры:

- Билеттің құны 4, 6 және 8 мың теңге аралығында. 4 мың теңгеге сатып алғандар көрмеге жұмыс күндерінде келе алады. 6 мың теңгенің билетін демалыста қолдануға болады. Ал 8 мың теңгеге алғандарға кез-келген демалыс күндері көрме есігі ашық.

Ел азаматтарының бірнеше топтарына жеңілдік жасалмақ. Ал шетелдіктер үшін мұндай мүмкіндік жоқ.

Дәулет Еркімбаев, «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ коммерцияландыру департаментініӊ директоры:

- Барлық топтағы мүгедектер мен Ұлы отан соғысының ардагерлері көрме аумағына тегін кіре алады. Мектеп оқушылары, студенттер мен зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік жасаймыз. Біздің ойымызша, мұндай шешім EXPO халықаралық көрмесіне қызығушылық танытып, келушілер санын едәуір арттыруы тиіс.

Билет алу үшін міндетті түрде жеке куәлігіңіз керек. Сатып алғандар барлық қатысушы елдердің павильондарына кіріп, мәдени шаралар, парад және кешкі шоуды көре алады. Бүгін халықаралық көрменің елшілері де салатанатты шараға барып, бірнеше билет сатып алды.

Александр Винокуров, EXPO-2017 көрмесінің елшісі:

- Мұндай ауқымды шара Қазақстанды бүкіл әлемге әйгілеуге сеп болады. Сондықтан бүгін кіру билетін елден бұрын сатып алғандар қатарында болу мен үшін есте қалар ерекше сәт. Көрменің елшісі ретінде бірқатар елдерге барып қайттым. Келуге ниеттілердің көп боларына кәміл сенімдімін.

Бүгін билетті тек кассадан емес, Алантим атты роботтың қолынан сатып алу ел назарын ерекше аударды. Құлтемір келушілерге тек қызмет көрсетіп қана қоймай, көпшіліктің көңілін көтеруге де тырысып бақты.

Авторлары: Дариға Ташенова, Өмірбек Ізімов