ҚР-ның АҚШ-тағы елшілігінде EXPO-ға байланысты өткен шараға 3 мыңнан астам адам келді

Вашингтондағы Қазақстан елшілігінде ЭКСПО-2017 көрмесі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «үшінші жаңғыртуға» бағытталған Жолдауына арналған ашық есік күні өтті.

Бір күннің ішінде қабылдауға 3 мың 300-ге жуық адам келген. Арасында Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының өкілдері мен «Вашингтон пост» газетінің тілшілері де бар. Ашық есік күнін пайдаланып елшілікке келген жергілікті тұрғындар мен Вашингтон қонақтары қазақ халқының тарихы, төл мәдениеті және ұлттық салт-дәстүрімен танысып, Қазақстанның соңғы уақытта жеткен саяси-экономикалық дамуы және халықаралық аренадағы беделіне қатысты толыққанды ақпарат алды. Қонақтар үшін Қазақстанда өмір сүрген көшпелі халықтардың көнеден қалған қолөнер туындылары көрсетілді. Көпшілік, әсіресе киіз үйге қатты қызығушылық танытты. Қолөнер майталмандары туындылардың асқан шеберлікпен жасалғанын жоғары бағалады. Шара соңында қонақтар Қазақ халқының бай тарихымен таныстырып, мәдени мұраларынан мәлімет берген шара өткізгені үшін елшілікке алғыс айтты.