EXPO көрмесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Қарағандыдан 700 сарбаз аттанады

Халықаралық EXPO көрмесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Қарағандыдан 700 сарбаз елордаға аттанады.

Олар көрменің тыныштығын сақтаумен қатар, шетелден келетін қонақтардың қамын жасауға атсалысады. Қарағанды ішкі әскер құрамы басшылығының айтуынша, былтыр сапқа қосылған сарбаздардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгерген. Амандық-саулық сұрасып, жол сілтеуге сауаты жетеді. Оның үстіне сарбаздармен екі ай бойы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртістері арнайы әдістеме өткізген. Тілді білмегеннің өзінде ыммен тіл табысудың жолдары көп, дейді жауынгерлер.

Ерсін Жамаш, қатардағы жауынгер:

- Тек ағылшындар ғана келмейді ғой. Жан-жақтан мемлекеттен келеді. Олардың тілін түсінбейсің ғой. Оларға қол қимылымен түсіндіру керек. Мысалы аурухана немесе «Хан Шатырды» сұрайды. Әртістер соларды көрсетіп жіберуді үйретті.