ЕХРО-2017: Қытай жасыл энергиядағы жетістіктерін паш ететін 20-дан астам жоба ұсынды

«Болашақ энергиясы – жасыл Жібек жолы».

Осындай айдар таққан Қытай елінің павильоны озық технологияны дамытудағы өткені, бүгіні мен келешегін таныстырып жатыр. Астанада өтіп жатқан  халықаралық көрмеге Аспан асты елінің 24 аймағында жұмыс істеп жатқан ірі энергетикалық компаниялар қатысты. Жасыл энергиядағы жетістіктерін паш еткен қытайлықтар көпшілік назарына 20-дан астам жоба ұсынып отыр. Солардың ішінде кәдімгі лас сулардан энергия алу тәсілі де бар. Мәселен, құрылғы су астына түсіп лайды жинап алады. Аппараттың көмегімен балшықтан суды бөліп алады. Кейін суды көлге ағызып жібереді. Ал балшықты көмірдің орнына өндірісте қолданады.

Жао Гуангчао, Қытай делегациясының басшысы:

- «ЭКСПО-ға» Қытайдың ең озық технологияларын алып келдік. Біз әлемге осы саладағы жетістіктерімізді мақтанышпен көрсете аламыз. Тәжірибеміз мол. Дегенмен Астанадағы халықаралық көрме баламалы энергия саласындағы үздіктерге пікір алмасу үшін ашық алаң, таптырмас тамаша мүмкіндік болғалы тұр.