BBC телеарнасы Қазақстанның баламалы қуат көздері туралы хабар көрсетті

Қазақстан 2050 жылға таяу баламалы энергия көздерін пайдалану үлесін 50 пайызға дейін арттыруға ниетті.

Ал Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі – осы жоспарды әлем жұртшылығына таныстырудың тамаша мүмкіндігі. Бұл туралы BBC телеарнасындағы Каришма Васванидің Talking Business атты танымал авторлық бағдарламасында айтылды. Ашық сұхбатқа «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Еуропа Қайта құру және даму банкінің энергетика және табиғи ресурстар жөніндегі басқарушы директоры Нандита Паршад және General Electric компаниясының Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Бела Ференци шақырылған. Бағдарлама қонақтарының айтуынша, Қазақстанның саладағы әлеуеті зор. Алайда бұл бағытта қиындықтар болуы ықтималдығын да жасырмады. «Дегенмен түйткілдердің түйінін тарқатуға болады», - дейді. Ең бастысы – баламалы энергия көздеріне қатысты халықтың көзқарасын өзгерту. Осы ретте Астанада өтіп жатқан халықаралық шараның орны ерекше. Қайрат Келімбетов ЭКСПО-2017 тек қаламыздың инфрақұрылымын дамыту ғана емес, қазақстандықтарды жасыл энергетиканы қолдануға шабыттандырудың бірден бір жол екенін атап өтті.