Жас жұбайлар ЕХРО қалашығын аралады

astana.gov.kz

ЕХРО қалашығында үлкен той.

Бүгін бір мезетте 40-қа жуық жас жұп көрмені аралап шықты. Осылайша үлкен өмірге қадам басқан жас отау иелері бұл күнді ұмтылмастай өткізуді жөн көріпті. Неке қию салтанаты биыл да өз дәстүрінен жаңылмады. 10 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан мерекелік шара «Атамекен» этно-мемориалдық кешені алаңында сән-салтанатпен өтті.

Қуанышбек пен Еңлік Сайдоллаевтар өміріндегі маңызды кезеңді дәл бүгіннен бастауды жөн көріпті. Той алдындағы шеруде қырыққа жуық жұппен бірге ЕХРО қалашығын аралады. Одан соң тағдырларын тоғыстырған жас жұбайларға бас байрақтың түбінде неке куәлігі табысталды.

Қуанышбек Сайдоллаев, жас жұбайлар:

- Бұл бізге тосынсый болды. Мұндайды күтпеген едік. ЕХРО-ға келетінімізді білгенде шынымен қуандық. Бұдан бұрын да келеміз деп жүргенбіз. Бірақ бүгін жұп болып көруге мүмкіндік туды.

Еңлік Сайдоллаева, жас жұбайлар:

- Барлық шаңырақ көтерген отбасыларға бақыт тілейміз. Шараны ұйымдастырғаны үшін көп рақмет айтамыз. Өте қуаныштымыз.

Неке қию рәсімін топтап өткізу шарасы 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін бес жүзге жуық жұптың некесі қиылыпты.

Рыскүл Қауғабаева, қалалық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

- Биыл біз осы шараны өзгеше етіп өткізуді ұйғардық. Алдымен ЕХРО-2017 көрмесін аралап шыққанды жөн көрдік. Себебі мұндай шара елімізде, жалпы Орта Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жас жұбайлар бұл күнді ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын.

Ұйымдастырушылар жарқын өмірге қадам басқан жұптарға тарту-таралғы да жасады. Тіпті жас жұбайлар арасында бағалы жүлделер ойнатылды. Нәтижесінде жас отау иелері Дәурен мен Әйгерім Жақыповтардың жолы болды. Олар енді Түркияда тегін демалады. 

Айгерім Жақыпова, жас жұбайлар:

- Біз өте қуаныштымыз. Біз осы күні осындай сый аламыз деп мүлдем күтпегенбіз. Өзіміз үшін кездейсоқ болды. Жолдама бергеннен кейін қатты қуанып кеттік.

Жаңа шаңырақ көтерген жұптар елорданың тарихында қалатын естелік кітапқа өз тілектерін қалдырды. Шара соңында қуаныш иелері арнайы дайындалған үлкен торттан дәм татып тарқасты. 

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшиев