EXPO: Бениннің ұлттық күні тәуелсіздік мерекесіне орайластырылды

Бүгін – ЭКСПО қалашығында Бенин Республикасының ұлттық күні.

Бүгін осы батысафрикалық елде екі бірдей мереке. ЭКСПО қалашығындағы өздерінің ұлттық күні 1 тамыз Бениннің тəуелсіздік күніне орайластырылды. Бениндіктер үшін баламалы қуат көздерінен энергия өндіру тақырыбы өзекті. Өйткені жергілікті тұрғындардың жартысынан астамы ауыл шаруашылығымен айналысады. Сəйкесінше биомасса қалдықтарын пайдаға жаратып келеді. Қысқаша ақпарат бере өтсем, бұл шағын мемлекет 1960 жылы Франциядан азаттық алған. Ресми тілі сəйкесінше француз тілі. Ел аумағы біздің бір ауданымыздай болса да, халқының саны 12 млн-ға жуықтайды. Астанасы Порто-Ново, бірақ ел басшылығы Котону атты ірі қаласында орналасқан. Дәстүрге сай мерекелік шара екі елдің туларын көтерумен ашылып, əнұрандар орындалды. Еліміздің Білім жəне ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Амангелдіұлы Бенин делегациясын ұлттық күнімен құттықтап, соңғылары өз алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, екі ел арасындағы дипломатиялық байланысқа – 6 жыл. Қонақтар екіжақты қарым-қатынастың нығая түсетініне сенім білдірді. Концертке ұласқан шара соңында бишілер, дауылпаздар ұлттық өнерлерін ортаға салды.