Тбилисиде ЕХРО көрмесінің жабылу салтанаты тікелей эфирде көрсетілді

ЕХРО-2017 көрмесінің жабылуын грузиялықтар да үлкен қызығушылықпен тамашалады. Халықаралық шара онлайн режимде көрсетілді.

Сондай-ақ Тбилисидің орталық алаңдарында орнатылған экрандар ЕХРО-ның жабылу салтанатын тікелей эфирде таратты. Грузия халқы көрмеге үлестерін қосқанын мақтан тұтады. Өз павильонында елдің тарихын, мәдениетін және энергетикалық, туристік мүмкіндігін паш етті.

Сонымен қатар Грузия президенті Георгий Маргвелашвилидің Қазақстанға ресми сапары дәл ЕХРО-ның ашылуымен тұспа-тұс келді. Көрме аясында өткен іс-шараларда Нани Брегвадзе мен Тамара Гверцители өнер көрсетті. Ал Астанаға шараны көруге 10 мыңға жуық Грузия азаматы келді.

Давид Мируашвили, көрермен:

– Мен ЕХРО-2017 көрмесінің жабылу салатанатын көруге арнайы келдім. Шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ол адам еңбегінің, ақыл-ойының шексіз мүмкіндігін көрсетіп берді. Болашақ энергияға қатысты тың бастамалар, тың жобалар дүниеге келді.

Давид Тетуашвили, көрермен:

Мен де шараны тікелей эфирден көргім келді. Көрме тақырыбы өте ауқымды. Баламалы қуат көзін өндіруге бүкіл адамзат баласы атсалысу керек деп санаймын. Бұл бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.