Астанадағы EXPO-ға қатысқан Грузия делегациясы алған әсерімен бөлісті

Тбилисиде ЭКСПО-2017 көрмесінен қайтқан грузиялық делегация алған әсерлерімен бөлісті. Энергетика министрлігінің өкілдері халықаралық дәрежеде өз мүмкіндіктерін көрсете алған қазақстандықтарға тағы да алғысын білдірді.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Грузия өзінің энергетикалық және туристік қабілетімен қоса елдің тарихы мен мәдениетін де көрсетті. Мәселен, ашылу салтанатында Астанаға алғашқы ресми сапармен Грузия Президенті Георгий Маргвелашвили келді. Елдің ұлттық күнінде Нани Брегвадзе, Тамара Гвердцители және «Рустави» ансамблі өнер көрсеткен. Жалпы грузиялық делегацияның саны 150 адам болды. Ал көрмедегі Грузияның павильонына келушілердің саны 700 мыңға жетіпті.   

Тамар Джанашия, EXPO 2017 көрмесінде Грузияның энергетика министрлігі өкілі:

- Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу арқылы стратегиялық серіктесіміз Қазақстан мен қарым-қатынас қаншалықты маңызды екенін тағы да бір рет таныттық. Грузия кешенінде баламалы энергия көздерін барынша көрсеттік. Сондай-ақ мәдениет пен салт-дәстүрімізді ұсындық. Бұл шараға қатысқанымызды жоғары бағалап, Қазақстанға осындай мүмкіндік бергені үшін алғысымызды білдіреміз. 

Елде өндірілетін энергияның 80 пайызы жаңғыртылатын көздерге келіп түседі. Грузияның көрмеге қатысуының басты себебі де осы. Энергияның транзиттік әлеуетінің маңыздылығын көрсету. Біз Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы көпірміз. Энергетика министрі Илья Элошвили осылай деген еді. 

Леван Павленишвили, энергетикалық мәселелер жөніндегі сарапшы:

Біз Грузияның әлемдік аренада транзиттік мемлекет екенін тағы да бір көрсеттік. Еліміздің су, күн және жел энергиясы сынды баламалы көздердің әлеуетін таныттық. Енді осы салада елімізге көптеген инвесторлар тартылып, үлкен перспективалар ашылатынына сенімдімін.  

Елдің ЭКСПО-ға қатысу себептерінің бірі – бұл Грузия мен Қазақстан арасындағы тығыз, жемісті қарым-қатынас. Грузия делегациясы өкілдерінің пікірінше, Қазақстанның баламалы энергия көздерін дамыту жөніндегі саясаты, әлемнің алға жылжуына жақсы үлгі болғаны анық.

Авторлары: Анна Анастасиади, Шалва Сурамелашвили