Астанада ЭКСПО-2017 аясында 8 мыңнан астам мәдени-спорттық шара өткізілді

Әлем қазақ өнерін, спорты мен мәдениетін таныды.

Қазақ елі дүние жүзінің саңлақтарына қол соқты. Мысалы бір ғана Пласидо Домингоның келуі, отандық өнерпаздармен бір сахнада өнер көрсетуі, тіпті елордада өз мектебін ашуға тілек білдіргені ЕХРО 2017 шарасының маңызын арттыра түсетін секілді.

Астанада өткен мамандандырылған халықаралық көрме қорытындысы туралы сөз қозғағандар осылай десті. ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ақтоты Райымқұлова мен «Астана Опера» театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Альпиев арнайы баспасөз мәслихатында сөз алып, тілшілер сауалына жауап берді.

Жыл бойы атқарылған шаруаға есеп дайындап, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Жалпы ЕХРО кезінде республика бойынша 31 мың мәдени және спорт шаралары өтсе, тек Астана қаласының өзінде 8 мыңнан астам жоба жүзеге асқан. Соның бірі – Пласидо Доминго Опералиясы.

Төлеубек Әлпиев, «Астана Опера» театры директорының бірінші орынбасары:

- Опералия деген не ол? Оған екі жүзден астам өтініш берген. Олардың ішінде түрлі мемлекеттен әншілер бар. Іріктеп, қырық қана адам қалған. Соның ішінде төрт қазақстандық бар. Олардың бірі – баритон Расул Жармағамбетов. Мария Мудряк, Дамир Садуақасов.  Қазір бізге хабар беріп жатыр. Мария Мудряктың қолында 21 жылға дейінгі келісімшарт бар. Опералия – жастарға жол ашатын байқау. Екінші жағы бар. Екі апта бойы Доминго Астанада болды.