АЭФ меймандары Астана ХҚО-ның мүмкіндіктерін жоғары бағалайды

Астана экономикалық форумы бүгін де қызу талқылауға ұласты.

Түрлі пленарлық сессиялар өтіп, ашық пікірталас алаңына айналды. Шетелдік сарапшылар тек жаһандық түйткілдердің шешімін іздестіріп қана қоймай, Қазақстанның да мүмкіндіктерін сөз етті. Бұл ретте Астана халықаралық қаржы орталығына ерекше мән берілді. Сарапшылар сондай-ақ жетістікке жетудің құпиясымен бөлісті. Ал арнамыздың тілшілері сағат сайын тікелей эфирде ақпарат таратып, форумда қаузалған көкейтесті мәселелерді хабарлап жатты.

Соңғы ақпарды көрерменге жеткізгісі келген журналистердің жұмысы бүгінде қауырт. Мұндағы айтылған кесек ойлар мен тұщымды пікірлер лезде шартарапқа тарап жатты.

Кешеден бері Астана экономикалық форумынан жүздеген отандық және шетелдік ақпарат құралдары хабар таратты. Басылымдар жарыса жазды. Бүгін де баспасөз орталығында қарбалас. БАҚ қызметкерлері таң атысынан қызу жұмыс істеп жатыр. Тіпті осы 2 күн бойы әлем назары елімізге ауды десек те болады. Ал Астана Global Challenges Summit-інің ауқымын онда талқыланған тақырыптар мен сөз сөйлеген спикерлердің тізімінен-ақ аңғара беріңіз. Бірі – кезінде ел басқарған Президент. Жаһан экономикасын бес саусағындай білетін сарапшы. Ал енді бірі – сағат сайын миллиондап табыс табатын миллиардер.

Бірақ олар жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан елордаға келді. Себебі жалғыздың үні шықпас. Ал жұмыла көтерген жүк жеңіл. Экономистерді алаңдатқан мәселенің бірі – қаржы. Бүгінде капитал қайда жұмсалады? Сарапшылар қазір инвестицияның Азияға қарай бағытталып жатқанын айтады. Бұл ретте Қазақстанның мүмкіндіктері де талқыға түсті. Мамандар Астана халықаралық қаржы орталығы әлемнің қаржы хабтарымен бәсекелесе алатындығын айтып отыр.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

– Бізде де Дубайдағыдай шетел азаматтары 50 жылға дейін корпоративтік табыс және жеке табыс салығынан босатылады. Және Астана халықаралық қаржы орталығына тіркелген компаниялар сот және арбитраждық орталықтың қызметтеріне автоматты түрде қол жеткізе алады. Тіпті қаржы орталығының қатысушысы болмаса да, мұндай мүмкіндік беріледі. Ол үшін келісімшарт жасасқан кезде бұл қызмет түрлерін қажетсінетінін көрсетсе болғаны.

Ағылшын құқығына негізделген Астана халықаралық қаржы орталығында тегін білім алуға да мүмкіндік бар. 19 маусымнан бастап тиісті бағдарлама іске қосылады. Заңгерлер мен экономистер және басқа да сала мамандары білімін арттыра алады.

Крис Кэмпбелл-Холт, АХҚО және халықаралық төрелік орталығының тіркеушісі:

– Тегін оқыту бағдарламасы Қазақстан азаматтарына арналған. Біз Ұлыбританияның ең білікті деген профессорларын, сондай-ақ Кембридж университеті мен Лондон колледждерінің белді ғалымдарын осында шақырамыз. Олар мамандарға дәріс беріп, тәжірибелерімен бөліседі. Ал Орталық жұмысына келер болсақ, біз қазір іскер азаматтармен түрлі келіссөздер өткізіп, мүмкіндіктерімізбен таныстырып жатырмыз. Қазақстандық және шетелдік көптеген компания хабарласып, келісімшартқа қалай отыруға болатындығын сұрап жатады.

Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін Ұлыбританияның бұрынғы сауда министрі Лорд Фрэнсис Мод та жоғары бағалайды. Ол бизнес және басқару саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен. «Ашық үкімет» жобасын іске асырып, цифрлық технологиялардың арқасында Ұлыбританияны алға сүйреді. Сондықтан білікті сарапшының бұлай айтуы да тегін емес.

Лорд Фрэнсис Мод, Ұлыбританияның сауда министрі (2015-2016 жж.):

– Қазір елге инвестиция тарту үшін Астаналар арасында бәсекелестік туындап жатыр. Бұл ретте мен Қазақстанда барлық мүмкіндік бар деп есептеймін. Қажетті ресурстар мен адам капиталы және тұрақты саясат. Бұған қоса ағылшын құқығына негізделген қаржы орталығы жұмыс істейді. Бұл дегеніміз инвесторлар еш қорықпастан қаржысын құя алады. Әрі бұл аймақта мұндай орталық жоқ. Бұл сіздер үшін өте қолайлы.

Иә қолда бар мүмкіндікті пайдаланып қалу маңызды. Бұл ретте Лорд Фрэнсис Мод өз құпиясымен де бөлісті. Сарапшы жүйелі шараларды қабылдап, әлемдік өзгерістерге тез икемделіп, әрекет ету керек деп санайды. Сонда жетістікке жетесің.