АЭФ шетелдік тілшілер көзімен

Сарыарқа төріндегі экономикалық форум туралы ақпаратты жалпақ жұртқа қарапайым тілде жеткізу үшін мыңдаған тілші тынымсыз жұмыс істеді.

Олардың 120-дан астамы шет елдерден келген. Беделді ақпараттық арналардың арасында Bloomberg, The Wall Street Journal, түркиялық «Анадолы», ресейлік РБК мен «Коммерсантътың» тілшілері бар.

Биыл Астанада 11-ші рет ұйымдастырылған экономикалық форумның өткен онынан салмағы ауыр, ауқымы кең. Талқылауға алынған тақырыптары да өзекті. Оған әлемдік зияткерлік элита, ғаламдық стартапшылар, беделді экономистер мен ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысты. Мұндай шарадан БАҚ өкілдерінің шет қалуы да мүмкін емес еді. Астана экономикалық форумында жаһанға жаңалық тарататын журналистерге қолайлы жағдай жасалған. Испаниядағы жетекші ақпараттық арнаның тілшісі Джэймс Руссоның айтуынша, форум жайлы материалында Еуразия экономикалық одағы мен Иран арасында еркін сауда аймағын құруға әкелетін уақытша келісімге назар аударған. 

Джэймс Руссо, Agencia EFE халықаралық тілшісі:

- Астана экономикалық форумында көрермендерімізді қызықтыратын ақпарат көп болды. Форумның ашылу салтанатына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуының өзі бұл шараның маңыздылығын көрсетті. Дәл сол күні Еуразиялық экономикалық одақ Иранмен келісімге қол қойды. Осы екі тақырыпқа екі материал жарияладым. Үшінші тақырыбым «Астана» қаржы орталығына қатысты болмақ. Өйткені инвестицияның дені Азияға қарай ағылып жатыр.

Көрермені үшін тиімді ақпарат іздеген тілшінің бірі – Мария Петрова. Ол Лондондағы кәсіби қаржыгерлер үшін жаңалық жазатын медиа компаниядан арнайы келген. Айтуынша, Астана экономикалық форумында инвесторларды қызықтыратын тың ұсыныстар көп болды.

Мария Петрова, Mergermarket ақпараттық басылымының тілшісі:

- Біз негізінен қаржылық қорларға, инвестициялық компанияларға арналған ақпарат жазатын мамандандырылған басылымбыз. Астана экономикалық форумында осындай компанияларды қызықтыратын көптеген тақырып көтерілді. Жекешелендіру мақсатында бірнеше компанияның акциялары сатылымға шығарылатыны белгілі. Олар «Астана» қаржы орталығының қор нарығында саудаланбақ. Бұл туралы алдағы күндері өз мақаламды жариялайтын боламын.

Осылайша 120-дан астам басылымнан келген тілшілер елорданың мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін көзімен көрді. Енді олар алған әсерін төл тілінде басылым беттерінде жариялайды. Осылайша жаһан жұрты Қазақстанда атқарылып жатқын ауқымды істерге қанық бола алады.

Авторы: Талғатбек Абдухожаев