Сарапшылар Елбасының бес мегатрендіне баға берді

Қазақстан Президенті атаған 5 мегатрендті әлемдік сарапшылар мен талдаушылар бүкіл адамзат үшін мәні зор, маңызы басым мәселе деп бағалауда.

Сарапшылар сондай-ақ Астана экономикалық форумында көтерілген бастамалардың экономика мен саясатқа, қала берді әрбір адамзат баласы үшін қаншалықты әсер ететінін де атап көрсетті.

Мексикалық Мануэль Гарсия – 121 жаста. Оның төлқұжатына сенсек, 1896 жылдың 24 желтоқсанында дүние есігін ашқан. Ал бұл біздің отандасымыз – Бəти Аманбаева. Қызылорда облысының тумасы биыл ғасырлық мерейтойын атады. Осы орайда əлем бойынша ғасыр жасаған 250 адам бар екен. Ғалымдардың болжамына сүйенсек, 100 жасайтын азаматтар саны алдағы уақытта артады. Ал жаһан бойынша орташа өмір сүру жасы 70-80-ге дейін ұлғаймақ. 2050 жылға қарай адамзат саны 10 млн-нан асады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұзақ жасау əлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналады. Ғасыр ортасында адамзатты азықпен қамтамасыз ету үшін тағам өндірісін 60 пайызға өсіру қажеттігі туындайды. Бұл өте күрделі мəселе. Өйткені ықтималдылығы жоғары су тапшылығын да ескермеске болмайды. Сондықтан агроөнеркəсіп кешенін дамыту басты бағыттардың бірі.

Экономиканың әр саласы жоғары технологияларға негізделуі керек. Оған тек цифрландыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Жасанды интеллект арқасында әлемдік экономика 2030 жылға қарай 16 трлн долларға молаяды. Алайда еңбек нарығын сандық форматқа көшіру салдарынан азаматтар арасында жұмыссыздық мәселесі пайда болады. Алдағы онжылдықта 500 компанияның 200-і нарықтан шығады. Көлік жүргізуші, кеңсе-менеджері, аудармашы, есепші сияқты мамандықтарға сұраныс күрт төмендейді.

Арнұр Тоқтабаев, IT-сарапшы, киберқауіпсіздік саласы бойынша PhD докторы:

- Бұл – бизнес. Капиталистік әлемге көшкелі әрбіріміз кәсіпкерге айналдық десек болады. Кез келген бизнесмен табысын молайту үшін шығынын азайтуды көздейді. Жасанды интеллект сол шығын көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте кеңсе қызметкерлеріне сұраныс азаяды. Олардың шамамен 95 пайызы жұмысынан айырылады.

Сондай-ақ әлемдік экономика киберқауіп-қатерге тәуелді болып қалмақ. Киберқауіпсіздік кәсіпкерлік үшін ең басты сын-тегеурінге айналып отыр. Қазақстан оны ұтымды шеше отырып, жаңа жүйеге икемделуі тиіс. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қолға алынғаны да сондықтан. Осы орайда азаматтардың сауаттылық көрсеткіші 85 пайыздан асады. Ресейлік сарапшылардың пікірінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан цифрлық экономика бес басты бағыттың біріне жатады, геосаяси мағынаға ие. Атап айтсақ, еуразиялық ықпалдастықтың тиімділігі осыған тәуелді болмақ.

Ярослав Лисоволик, Еуразиялық даму банкінің бас экономисі:

- Цифрландыру процесі бөлек мемлекеттер арасында ғана емес, тұтас Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жүргізіліп келеді. Бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастыру жолында бірқатар жоба қолға алынып жатыр. Сандық экономика интеграциялық процестердің қозғалтқыш күшіне айналмақ. Ал Астана қаржы және экономикалық ықпалдастық үшін ең қолайлы алаңға айналғаны рас. Келешегі кемел боларына сенімдімін.

Бүгінгі әлем жаһандық өзгеріс алдында тұр. Көші-қон мәселесі, экстремизм, лаңкестік, табиғи апаттар мемлекеттік шекара талғамайды. Бұл проблемалар бәрімізге ортақ. Осыған байланысты Елбасы дүниежүзіндегі әлеуметтік теңсіздік айырмашылығын қысқартуды алға шығарып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сегодня активы 62 богатейших людей мира сравнялись с состоянием беднейшей половины человечества – то есть 3,5 млрд человек. По данным ряда международных экспертов  более 80% благосостояния созданного в  прошлом году принадлежит всего 1% населения. Парадокс, но технолог революция на деле лишь с новой силой разгоняет маховик неравенства. Для решения этих вопросов необходим новый механизм диалога между государствами. Формат G-7, G-20 не охватывает глобальное мнение мира.

G-Global бастамасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы ұсынды. Бүгінде Елбасы оны БҰҰ алаңына көшіруді ұсынды. Экономикалық теңсіздік, азық-түлік жетіспеушілігі, халықаралық сауда ережелері, криптовалютаны реттеу, сондай-ақ БАҚ-тың жарияланатын ақпаратқа жауаптылығы мен екіжақты стандарттың болмауы. «Тек осындай ашықтық арқасында жаһандық мәселелерді шешуге болады», – дейді сарапшылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Гүлнәр Хасан