Ғылыми-техникалық салаға инвестиция азайып барады

Кейінгі кезде елде ғылыми-техникалық салаға тартылған инвестиция азайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Биыл төрт айда 9,8 млрд теңге ғана салынды. Ал былтыр 9,9 млрд болған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 61 процентке аз. Өңірлер бойынша айтсақ, ғылыми-техникалық салаға қаржы тартуда Алматы көш бастап тұр. 2,7 миллиард теңге бөлген. Бір жылдағы өсім 15 проценттен асады. Одан кейін елорда, үштікті Қызылорда түйіндейді. Осы үш өңірде ғылыми-техника саласына тартылған инвестицияның көлемі ел бойынша жалпы соманың жартысынан асып кетеді. Finprom.kz сайтының мәліметіне қарағанда инвестицияның 97 проценті кәсіпкерлердің қаржысы. Ал жергілікті бюджеттен бөлінетін ақша көлемі 81 процентке кеміген.

 2024 жылы ғылым саласына бөлінетін қаржы 25% көбейеді

2024 жылға қарай елде жер қойнауын пайдаланушылар есебінен ғылым саласына бөлінетін қаржы артады. Ол жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті төлемін орталықтандыру жүйесі арқылы іске асады. Яғни қолданыстағы заң бойынша кен өндіруші компаниялар жыл сайын табысының бір процентін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға беруге міндетті. Бұған дейін кәсіпорындар бұл қаржыны қандай ғылыми институтқа беретінін өзі таңдап келген. Енді тікелей бюджетке аударады, одан ары мемлекет үлестіреді. Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда өзгеріс ғылым саласына жұмсалатын қаржыны 25 процентке арттыруы тиіс. Аударымдарды орталықтандыру кезең-кезеңімен іске асады. Келер жылы тең жартысы, 2023-те 75 проценті, ал 2024 жылы толықтай бюджет арқылы бөлінетін болады.