Рафаэль Варан «Манчестер Юнайтедке» ресми түрде қосылды

«Манчестер Юнайтед» француз қорғаушысы Рафаэль Варанмен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды prosports.kz.

Бұл туралы команданың ресми сайтында жазылған. Футболшымен келісімшарт 2025 жылдың маусымына дейін жарамды. Варананың ауысуы шілде айының соңында белгілі болды. Футболшы келісімшартқа отырар алдында медициналық тексеруден өтті.

«Чемпионат» порталының хабарлауынша, Варан 2011 жылдан бері «Реалдың» намысын қорғап келген, оған дейін ол «Лэнс» командасында ойнаған. Өткен маусымда Рафаэль испандық клубтың 31 матчына қатысып, екі гол соқты және екі сары қағаз алды. «Реал Мадрид» құрамында Варан үш рет Испания чемпионы болды, елдің Кубогы мен Суперкубогын үш рет жеңіп алды, сонымен қатар Чемпиондар лигасы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатын төрт рет ұтты.  УЕФА-ның суперкубогының үш рет иегері болды.