1915 жылы Астрахань губерниясының Красноярск уезі №11 Орпа ауылында дүниеге келген. Елемес Гребенщик селосында бастауыш мектепті бітірген соң, Бақсай ауданына қарайтын Сарайшық селосында колхоз жастарының мектебіне оқуға түседі. Ата-анасының тұрмысының ауырлығына байланысты Елемес оқуын тастап, егіс жұмыстарына араласады. 1929 жылы комсомол қатарына қабылданды. Ауылдастарының айтуынша, ол өте еңбекқор, батыл жігіт болған. Қазақ тілін де, орыс тілін де жетік білетін талабы таудай жігіт болыпты. 1934 жылдың басында оны Гребенщик ауылдық кеңесінің хатшысы етіп сайлайды. 1935 жылы «Красин» колхозында бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болған. 1938 жылы қарашада «Красин» колхозының басқарма төрағасы, 1939 жылы Қазақ ССР жергілікті кеңесінің сайлауында Гребенщик селосы бойынша ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланған. 1940 жылы Есбол ауданы Гребенщик селосының атқару комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған. 1941 жылдың 15 шілдесінде Қосалиев Елемес Есбол аудандық әскери комиссариатына шақырылып, Ақтөбеге жасақталып жатқан қазақстандық дивизияға Гурьевке дейін «Пионер» паромымен жеткізілсе, одан әрі пойызбен аттандырылды. Елеместің əкесі Қосалы Ахметов соғыс және соғыстан кейінгі жылдары денсаулығы көтергенше «Красин» колхозында еңбек етті. Анасы Дəріш үй шаруасында болып, қыздарының тəрбиесімен айналысты. Қосалы ата: «Ұлым тірі, бір майданда соғысып жатқан шығар. Жақсы хабар келіп қалар-ау», - деп үміттеніп жүрді. Елеместен тек 1941 жылдың қыркүйегінде жазған 4 хатынан өзге ешқандай хабар болмады. 1945 жылы Жеңістен кейін аман қалғандары елге орала бастады. Ұлынан үмітін үзбеген Қосалы ата баласы туралы сұрау салу қағазын жазуын сұрады. «Қосалиев Елемес тұтқынға түскендердің де, қаза тапқандардың да тізімінде де жоқ», - деген жауап келді. Көп жыл өте, ОБД Мемориалдан интернет арқылы ақпарат алу мүмкін болды, сонда ғана Қосалиев Елеместің хатында көрсетілген №991 далалық пошта 312-атқыштар дивизиясының реквизиті екені белгілі болды. 312-атқыштар дивизиясы 1081-полк 7-ротасының жауынгері болған Қосалиев Елемес қасиетті Отанын қызғыштай қорғап, Малоярославец майдан даласында мәңгілікке қалды.