Астанадағы ЭКСПО қалашығында Джибути Республикасының Ұлттық күні атап өтілді. «Қара құрлықтағы» бұл ел көрмедегі Ұлттық сахнада фольклорлық композицияларын көрсетті. Іс-шараға арнайы келген сауда және туризм министрі Хассан Хумад Ибраһим құттықтау сөзін айтып, Джибутидің тұрақты энергетикалық әлеуеті туралы баяндады. Африкалық мемлекетте жыл он екі ай күн шыжып тұратындықтан, мұнда күн панельдері кеңінен қолданылады. Жалпы халық тұтынатын энергияның 65 пайызы су электр станциясы арқылы алынады. Бірақ оның өзі көрші Эфиопияға тәуелді. Сондықтан бұл мәселені шешуде Джибути Республикасы үшін Астанадағы ЭКСПО көрмесінің маңызы зор. Хассан Хумад Ибраһим, Джибути Республикасының Сауда және туризм министрі: - ЭКСПО көрмесі біз үшін елдегі энергетикалық, экономикалық және басқа да мүмкіндіктермен таныстыруға жасалған таптырмас алаң. Бұл жерде көмірқышқыл газының шығарылуын төмендету, жаңартылатын энергияны дамыту, тұрақты қуат көздерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету секілді жаһандық мәселелерді шешу бойынша пікір алмасу болады. Біз де осынау тарихи маңызы бар шараға қатысып отырғанымызға қуаныштымыз.