Конституциялық реформаны еліміздегі этно-мәдени орталықтардың белсенділері қызу қолдап отыр

Мемлекет басшысының конституциялық реформа жөніндегі бастамасын еліміздегі этно-мәдени орталықтардың белсенділері де қызу қолдап отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ұйғыр диаспорасының өкілдері, журналистер мен жастар қозғалысы және Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры қызметкерлері бір шаңырақ астында бас қосып, конституциялық реформаны талқылаумен қатар оны жүзеге асыру жөнінде ұтымды ұсыныс, орамды ойларын ортаға салды.

Ершат Асматов, «Ұйғур авази» газетінің бас редакторы:

- Конституциясы мықты мемлекет ол болашағы бар мемлекет деп есептеймін. Конституцияны өзгерткеніміз бекер емес. Біздің Президентіміздің өкілеттіліктерді Парламент пен Үкіметке беріп отырғанының өзі бізде тарихта болмаған жағдай. Ол Үкіметке деген сенім, Парламентке деген сенім, халыққа деген сенім деп ойлаймын.