Халықтың хат-хабарын жеткізер пошташының қызметі

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған». Қай заманда да пошташы қызметінің маңызы жойылған емес. Әсіре шалғайда жатқан ауыл тұрғындары үшін бұл кәсіп иесі құрметті. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Кейде көлікпен қатынап, кейде жаяу жүріп, ел-жұрттың сәлемдемесін жеткізетін олар төрт мезгіл бойы дамыл таппайды. Себебі келген хатты уақытылы иесінің қолына тапсыру негізгі міндетім деп санайды. Сондықтан да жаздың аптап ыстығына, қыстың сақылдаған сары аязына қарамай жолға шығады. Кейде олар жағымсыз хабар естіп, қара жамылған адамның көз жасын сүртеді, кейде жақсы жаңалықты сүйіншілейді. Бәлкім, технология қарқынды дамыған заманда пошташының қызметіне сұраныс азайған да болар, бірақ әлі де, әсіресе елдің түкпір-түкпіріндегі олардың жолын тосып, хат-хабар күтіп жүрген адамдар бар.