432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Универсиада-2017: әлемдік сайысты тамашалауға 30 мыңға жуық адам келеді

  • 2775

Алматыда тап қазір дүбірлі доданың самалы есіп тұр.

Универсиаданың дайындық жұмыстары толық  аяқталды. Спорттық нысандар сақадай сай. Ал сақшылар қаланың қауіпсіздігін тәулік бойы бақылап тұр. Жаһандық жарысқа екі тәулік қалғанда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмыс істейтін орын таныстырылды. Екі аптаға созылатын байрақты бәсеке 80 мемлекетке тікелей эфир арқылы таратылмақ.

Бұл – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған негізгі баспасөз орталығы. Мұндай орталықтар сайыс өтетін нысандардың барлығында қамтамасыз етілген. Мұнда жедел ақпарат таратушылар үшін ғаламторға қосылған компьютер, принтер және басқа да қажетті заттар бар.

Баспаөз орталығы «Сұңқар» тау-шаңғы кешенінде орналасқан. Бір сәтте 50-ге жуық тілші ғаламтор арқылы ақпарат тарата алады. Оған қоса, спорттық сайыстарға сараптама жасайтын негізгі баспасөз клубы да осында. Толық оқшауланған аумаққа журналистер, спотшылар және арнайы рұқсаты барлар ғана кіріп шыға алады. Айта кетсек, Универсиадаға арнайы келген шетелдік ақпаратшылар да осында.

Кенджиро Мацуо, журналист (Жапония):

- Осындағы сайыстардың барлығын түсіреміз деп отырмыз. Бізді негізінен таулы аймақтардағы сайыстар қызықтырады. Жаңа ғана Алматыдағы мәдени орындарды аралап, ұлттық асханадан дәм таттық.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дайындық жоғары деңгейде. Осыған дейінгі өткен әлемдік сайыстардағы кемшіліктер ескерілген.

58 мемлекеттен келген екі мың спортшы сайысқа түседі. Әлемдік сайысты тамашалуға 30 мыңға жуық адам келеді. Жолаушыларға жол көрсету үшін 3 мың ерікті тартылған.

Сергей Цыбенко, Универсиада-2017 дирекциясының департамент басшысы:

- Осыған дейінгі өткен Қысқы Универсиадалармен салыстырмалы түрде қарағанда біздің дайындық екі есеге артық. Біздің спорттық нысандар ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде. Олимпида ойынын өткізу құқын жеңіп алғанымызда оны да жоғары деңгейде өткізе алатын мүмкіндігіміз бар.

Әлемдік сайыс 12 спорт түрінен 8 нысанда өтеді. Жарысқа қатысушылар  86 медальды сарапқа салады. Спортшылар саны бойынша үздік үштікті 219 қатысушымен Ресей бастады. Одан кейінгі орында Қазақстан 170, Қытайдан 119 спортшы сынға түседі. 29 қаңтар күні Эстафета алауы Алматы көшелерімен жүріп, Алматы Арена кешеніне жеткізіледі. Дүбірлі додаға арнайы салынған 12 мың орындық бұл кешенде Универсиаданың ашылу салтанаты болады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы