Әйгерім Алтынбек Италиядағы опера байқауында жеңіске жетті

Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен халықаралық ән байқауында жеңіске жетті. Дарын иесі бірнеше ән шырқап төрткүл дүниені талантымен тәнті етті. Өзгеше орындау, келісті келбет пен жоғары талғам. Италия жұрты оның өнеріне осындай баға берді. Италияда өткен «CLIP» опера байқауына 50-ден аса елден 200-ге жуық қатысушы өтінім берген. Ішінен 92 вокалист тікелей тыңдауға шақырылып, жартылай финалға 22 қатысушы өтіпті. Ал ақтық сынға кіл мықтының арасынан 10-ы таңдап алынған. Әйгерім сол үздіктерден суырылып шығып, бас жүлдеге ие болды.

Суретші Молдахмет Кенбаевтың туғанына 100 жыл 

Еліміздегі бейнелеу өнері мектебінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі, кәсіби қылқалам иесі Молдахмет Кенбаевтың туғанына биыл 100 жыл. Туындылары терең ұлттық болмысымен, қанық түстерімен ерекшеленетін суретшінің артында қалған мол мұрасы Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейге қойылды.

«Үміт әрдайым жанымызда» мультфильмінің көрсетілімі өтті

«Үміт әрдайым жанымызда». Отандық мамандар түсірген жаңа қысқаметражды анимациялық фильм осылай аталды. Оның таныстырылымы Ұлттық балаларды оңалту орталығында өтті. Тың туындыны Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығы дайындаған.

Францияда қазақ қызының көрмесі өтіп жатыр

Еуропа қазақ ертегісінің кейіпкерлеріне қайран қалып жатыр. Оларға қазақ ауыз әдебиетінің құдіретін, мозаика арқылы жеткізген суретші Аяла Ибрагимова. Аяла қазіргі уақытта Италияның Спилимберго қаласында шығармашылықпен айналысады. Бұл шағын шаһар мозаика шеберлері арқылы әлемге танымал. Франциядағы алғашқы жобасында суретші қазақ халқының ертегі-аңыздарын заманауи көркемдік тәсілмен жеткізеді. Көрме 4 айға созылады.