Ғылыми жаңалық өндіріске жетіп, экономикаға пайда әкелуі керек – Олжас Нұралдинов
Қазақстанда ғылыми жаңалықтар зертханалар мен ғылыми журналдарда ғана қалмай, өндіріске енгізілуі керек. Ол үшін жас ғалымдарды қолдау тетіктерін жетілдіріп, отандық зерттеулерге мемлекеттік сатып алу арқылы сұраныс қалыптастыру қажет. Бұл туралы ҚР Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Депутаттың ойынша, жыл сайын мыңдаған адам PhD дәрежесін алғанымен, олардың тек 10–20 пайызы ғана ғылыммен айналысуды жалғастырады. Сондықтан нақты зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдарға қолдау көрсету маңызды.
Менің өз пікірім бойынша, кейбір жерде саны көп, сапасы аздау деп айтуға болады. Сол үшін нақты ғылыммен айналысатын адамдарды қолдауымыз керек, – деді Олжас Нұралдинов.
Оның айтуынша, ғалымдардың зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми журналдарда жариялауына қаржылай мүмкіндік беру қажет. Сонымен бірге Қазақстанда ғылыми басылымдарды дамытып, оларды шетелде таныту маңызды.
Депутат ғылымның негізгі нәтижесі экономикада көрінуі керек деп санайды. Мәселен, мұнай, тау-кен және аграрлық салаларда отандық ғалымдардың зерттеулері қолданылуы қажет.
Ең бірінші, ғылымды экономикаға енгізуіміз керек. Мұнай саласы болсын, кен өндіру саласы болсын, аграрлық саламыз болсын, ғалымдарымыздың жасаған жұмыстары экономикаға енуі керек, – деді ол.
Ол жас ғалымдарды тек стипендиямен шектемей, ғылыми өнім нарыққа шыққан жағдайда одан түсетін табыстың бір бөлігін зерттеу авторларына беру тетігін қарастыруды ұсынды.
Ғылым мен өндірісті байланыстыруда мемлекеттік сатып алудың да рөлі бар. Депутаттың пікірінше, мемлекет отандық ғылыми институттар мен өндірушілердің жұмысына сұраныс қалыптастыруы керек.
Ең көп сатып алушы – мемлекет. Сондықтан мемлекеттік сатып алу процестеріне ғалымдарымызды да, отандық өндірісті де енгізуіміз керек. Мемлекет басшысы да Жолдауында мемлекеттік сатып алуды отандық компанияларға көбірек беру керегін айтты, – деді Олжас Нұралдинов.
Депутат бұл бағыттарды дамыту үшін заңнамалық қолдау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, инновациялар мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін реттеу бойынша да алда жұмыс бар.