Қытайда айда жүретін көлік жасалып жатыр
Қытайда айда жүретін көліктің атауы жария етілді. Ол Тансуо деп аталады. Мағынасы «Белгісізді зерттеу» дегенді білдіреді. Елдің ғарыш агенттігі оның алғашқы нұсқасын сынақтан өткізіп, жер серігіне жөнелтуге дайындалып жатыр. Жаңа техника ғарышкерлерге Айдағы зерттеулерді ұзақ жүргізуге мүмкіндік бермек. Төрт дөңгелекті жаңа техника Ай бетінің ойлы-қырлы бедерімен жүруге ыңғайлы. Оған екі ғарышкер қатар отыра алады. Бұл ғалымдарға шапшаң қозғалып, зерттеуді емін-еркін жүргізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ай құпиясын ашу миссиясының сапасы да артады. Көлікті пайдалану үшін арнайы киім керек. Ғалымдар оны да жасаған. Жаңа скафандрдың мүмкіндіктері көпшілікке таныстырылды. Жалпы Қытай алдағы 10-15 жылда Айды терең зерттеуге ниетті. Тіпті онда станция салып, ғылыми жұмыстарын тұрақты жүргізуді көздеп отыр.