80-қадам: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу

80-қадам: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу
aikyn.kz

1 шілдеден бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу жөніндегі денсаулық сақтау реформасы басталды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) заңнамалық базасын жетілдіру аясында 2017 жылдың 30 маусымында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді қарастырған Заң қабылданды.

2017 жылдың 30 маусымында қабылданған Заңды жүзеге асыруда 31 нормативтік-құқықтық акт қабылданатын болады. Олардың ішінде Үкіметтің 10 қаулысы мен 21 бұйрық бар. Сондай-ақ жылдың аяғына дейін 81 нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізілмек.

Халықаралық қаржы институттарымен жүргізілген жұмыстар жалғасуда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ақпараттық жүйесін құру мақсатында, мүдделі мемлекеттік органдармен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Мүдделі мемлекеттік органдармен ақпараттық жүйенің біріктірілуін қарастыратын шаралар жасалуда. Оның негізгі бағыттары:

1. Кіріктіру тұғырнамасын енгізу және денсаулық сақтаудың электронды құжатын жасау;

2. Денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен жабдықтау;

3. Денсаулық сақтау ұйымдарында интернет желісінің болуы;

4. Денсаулық сақтау ұйымдарында жергілікті медициналық ақпарат жүйелерін енгізу.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен және Қормен бірлесіп egov.kz порталының «Жеке кабинетін» жетілдіруде. Қыркүйек айынан бастап жеке кабинетте Қорға төленген жеке тұлғалардың төлемдері туралы, ал  2018 жылдың басынан бастап сақтандырылу мәртебесі туралы ақпараттар қолжетімді болады.

Еліміздің шеткері аймақтары, тұрғын халқы 100 адамнан аспайтын шалғай орналасқан ауылдық округтардағы тұрғындарды ақпараттандыру үшін мобильді орталықтар ресурсы іске қосылған. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері кестеге сәйкес мемлекеттік қызмет көрсететін шалғай ауылдарға барады.