Елімізде биткойн пайдалануға рұқсат беріледі

Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржалар екінші деңгейлі банктермен жұмыс істей бастайды. Бұл дегеніміз қазақстандықтар да биткойнға инвестиция құйып, оны сатып, табыс таба алады. Блокчейн және дата-орталық индустриясы қауымдастығының өкілдері қанатқақты жобаның басталғанын хабарлады.

Елімізде криптовалютаның айналымына тыйым салынған. Бірақ қазақстандықтар сандық ақшаны пайдаға жаратуға мүмкіндік алмақ. Астана халықаралық қаржы орталығы жанындағы криптобиржа еліміздегі банктермен келісім жасап жатыр. Басты шарт инвестор аталған биржада тіркеуде болуы керек. Кейін оның криптоақшасын кәдімгі ақшаға аударып алуға мүмкіндігі бар. Қанатқақты жоба криптовалютаның кемшілігі мен артықшылығын анық білуге мүмкіндік бермек. Артынан айналымға енуі не активтерді жеңілдету жайы пысықталатын болады. Қазірдің өзінде сандық активтерді сатып, табыс көріп жүрген отандастарымыз баршылық. Әлемде күн сайын миллмондаған долларға келісім жасалады. Оның 6-8 проценті Қазақстанға тиесілі. Нұр-Сұлтандағы блокчейн және дата-орталық индустриясы қауымдастығының аға үйлестірушісі Сергей Путраның айтуынша, Үкіметтің криптовалютаға қабақ жібітуіне себеп көп. Оның бірі алаяқтық көбейген. Оларға сеніп, опық жегендер аз емес. Өкінішке орай, мемлекет оларға көмектесе алмайды. 

Сергей Путра, Нұр-Сұлтандағы блокчейн және дата-орталық индустриясы қауымдастығының аға үйлестірушісі:

- Әлем халқы криптовалютаның түр-түрін қолданып жүр. Күнделікті миллиардтаған доллар айналымда жүреді. Қазақстанға оның бір проценті түсіп жатса несі айып? Бұл инвестиция, салық, жаңа жұмыс орындары, жалақы. Бірақ әзірге еліміз бұл индустрияға жақындай қойған жоқ. Бірақ Үкімет ойлана бастағандай. Өйткені әлем игілігін көріп отырған жүйеден біздің қашуымыз қисынсыз. 

Ал биткойн құны 34 мың доллардан асты. Осылайша 12 шілдеден бергі ең үлкен көрсеткішке жетті. Осыдан 5 күн бұрын ғана криптовалюта 29 мың доллардан сәл асқан болатын. Оған әлемдегі жайлы жаңалықтар әсер етті. Бұған дейін Илон Маск қорында криптоақшасы бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол SpaceX компаниясының биткойн алатынын айтқан болатын. Тесланың осы валютаны төлем құралы ретінде қабылдай бастауы мүмкін деген ой да аталмыш биржаға оң өзгерістер енгізді. Ал твиттер басшысы Джек Дорси биткойнды интернеттің ұлттық валютасы болуға лайық санайды. Оның көмегімен әлемнің кез келген жерімен сауда және қызмет алмасу мүмкіндігі зор дейді. Қазір биткоинның капиталы - 636 млрд доллар. Жалпы криптовалюта нарығының капиталы 1,43 трлн долларға жеткен.