Мұнай табысы төмен. Ұлттық қор ортайды | Анығында

Еліміздің ұлттық қоры ортайып барады. Қазір ондағы қаражат жалпы ішкі өнімнің ең төменгі проценттік межесінен де түсіп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық экономика министрлігі сырттан қарыз алғанша, өз қорымызды жаратайық деген ұстанымды алға тартады. Сыртқы қарыз демекші, оның да көлемі аз емес. Қор қоржынында қазір небәрі 56 млрд доллар қалды. Ол бүгінгі валюта бағамымен есептегенде ЖІӨ-нің шамамен 29 проценті. Осы тұста ұлттық қор ортайып қалмай ма деген өзекті сауал туындайды. Өйткені 2009 жылдан бері резервтегі қаржыға қол салу жиілеп кетті. Ұлттық қор қоржынындағы қаражат ЖІӨ-нің 30 процентке де жетпейтінін айттық. Негізі бұл межеден төмендетпеу керек еді. Осыдан 10 жыл бұрын 2020 жылға дейін қордағы қаржы 90 млрд долларға жетеді  деп шарқ ұрдық. Алайда жоспар іске аспады.

Ұлттық экономика министрі мұндай қадамға неліктен барғанын түсіндірді. Әлібек Қуантыров сырттан қарыз алғанша өз жинағымызды пайдаланған тиімді – деді. Қарыз демекші, еліміздің сыртқы берешегі былтыр 160 млрд доллардан асты. Қарызды өтеу алдағы күндердің еншісінде. Қазіргі міндет экономиканы қуаттау. Осы тұста сәл кідіріп, еліміздің бас экономисінің пікіріне құлақ түрсек.

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Ұлттық қордың қаражатының бір бөлігін дағдарысқа қарсы шараға, экономиканы қолдауға пайдалану – дұрыс әрі контрциклді саясат. Экономика қысымға ұшыраған кезде, өсім қарқыны түсімді көрсеткен кезде қор қаражатын пайдалануға болады деп есептеймін.

Енді бөлінген қаржыны талан-таражға салмай мақсатты жұмсасақ игі. Белгілі экономист Сапарбай Жұбаев, квазимемлекеттік секторды жарылқамай халықтың кәдесіне жарату басты міндет екенін айтты.

Сапарбай Жұбаев, экономист:

– Қомақты қаржыны квазимемлекеттік кәсіпорындардың қалтасына емес, ел экономикасының дамуына, жолдар мен халықты сумен қамтамасыз ету сынды кезек күттірмес мәселелерді шешуге жұмсау керек. Әрине бұл жіті бақылауды талап етеді. Ал «Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорындарын жекешелендіру қажет. Сонда бюджеттен оларға бөлінетін қаржы азаяды.

Десе де қордағы қаржы сарқылмайтын байлық емес қой. Онсыз да мұнайдан келетін табыс қазынадағы кем-кетікке жұмсалады. Әрі Экономика министрі биыл мұнай бағасы қымбаттағандықтан одан келетін түсім де ұлғая түседі деп отыр. Бірақ  елімізде қара алтын өндірісі азайып кетті.  Өткен тәулікте 25% төмендеді. Сарапшылардың есебінше, күнделікті мұнай экспортынан 43 млн доллар жоғалтып отырмыз. Жылдық өндіріс көлемі биыл 85 млн тоннаға төмендейді. Алдын ала жасалған болжам осындай. Демек мұнайдан түсуі тиіс қыруар қаржыдан қағыламыз.

Жоспар бойынша биыл бюджет кірісі 10 трлн теңгеден асады. Ал шығын табыстан шамамен 2 есе көп. Жылдық инфляция 8-10 % дәлізінде сақталады. Бірақ ЖІӨ 2 есе төмендейді. Доллардың ұлттық валютаға шаққандағы бағамы – 460 теңге шамасында болуы тиіс.

Өкінішке қарай импорттың 42% Ресейге тиесілі. Сондықтан көрші мемлекеттегі ахуал бізге кері әсерін тигізуде. Бүгін Мәскеуге бағытталған санкциялар легі одан сайын күшейе түсті. Әрине мұның бізге де зардабы тиеді. Басқаны айтпағанда, азық-түлік бағасына түскен қысым әлі де күшінде тұр. Қымбатшылық қалтаны қақты. Доллар бағамы күрт өскен кезде бағаның бірден шарықтап кеткенін бәріміз байқадық. Бірақ дүрлігуді пайдаланып бағаны қолдан өсірген әккі саудагерлер жауапсыз қалмайды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Азық-түлік бағасын 15 пайыздыпроценттік межеден өсірмей ұстап тұру үшін тіпті аудан орталықтарында да тексеру басталып кеткен. Өңірлерде арнайы шұғыл шаралар қолға алынды. Көтерме базарларды тексеруге берілген мораторийдің алынып тасталуына байланысты 127 көтерме және бөлшек базарда арнайы тексерулер жүріп жатыр.

Тексерістің қорытындысы алдағы күндері тағы да айтылады. Анығы бұл шара азық-түлік бағасын уақытша болса да  ұстап тұруға ықпал етпек.