Елімізде «Абай» атындағы байқау жарияланды
Өнер иелеріне құлаққағыс. Елімізде «Абай» атындағы байқау жарияланды.
Өтінімдер 1 наурызға дейін қабылданады. Мемлекеттік марапат әдебиет пен өнер саласының өкілдеріне беріледі. Ал үміткерлерді шығармашылық топтар мен одақ, мемлекеттік органдар ұсынады. Қатысушының бес жыл мен бір жыл аралығындағы шығармашылық жұмысы сараланады, дейді қазылар алқасы. Байқаудың талаптарына қатысты өзге де мәліметті Мәдениет және ақпарат министрлінің сайтынан оқи аласыз.
«Жақұт» көрмесі
"Жақұт". Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы музейде осындай атаумен көрме өтіп жатыр. Оған гобелен мен текеметтен жасалған 60-тан астам туынды қойылған. Ерекше еңбектің авторы суретші, мәдениет қайраткері - Құттыбек Жақып. Қолданбалы өнер шебері көбіне қазақ даласын бейнелейді. Соның ішінде сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі фольклорлық-мифологиялық сарын басым. Композициясы жағынан ою-өрнек көп қолданылған. Әр бұйымнан автордың тынымсыз ізденісі байқалады, дейді көрмеге келушілер. Суретшінің гобелендері бұдан бөлек, Мәскеу мен Ашхабад мұражайында тұр.
Өнерде жоқ шекара
Қазақ әндерін құйқылжыта орындайтын корей әншісін естуіңіз бар шығар. Иә, Сонг Вон Соб Қазақстанға келеді. Және құр қол емес. Екі бірдей қалада жеке концертін өткізбек.
Сонг Вон Соб Шәмшінің әнін шырқағанда корей тұрмақ, қазақ таңдай қағады. Өнерде жоқ - шекара деген сірә, осы болса керек. Әншінің репертуарында 20-ға жуық қазақ шығармасы бар. Алдағы концертте ол атақты Шәмші, Батырхан Шүкенов және басқа да елге белгілі авторлардың әндерін орындайды. Қос елдің мәдениеті тоғысатын кеш 13-ші қаңтар күні Астанада Экспо конгресс орталығында өтеді. Ал 21 қаңтарда Алматыда жалғасын табады.
Қастеев қазыналары
Биыл қазақ бейнелеу өнерінің атасы Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл. Осыған орай Алматыда ауқымды көрме өтеді. Онда ғаламат суретшінің 300-дей еңбегі қойылмақ. Әйгілі қылқалам шеберінің көз майын тауыса жазған картиналары бүгінде мемлекеттік өнер музейінде сақтаулы. Руханият ордасына 1984 жылы суретшінің аты берілген болатын. Қастеев қазыналарын қалың жұртшылық 17 қаңтарда тамашалай алады.