Қазақстан Нолливудта кино түсіруде
«ProMooving» продюсерлік орталығы мен «DOSFILM» компаниясы Нигерия киносымен бірігіп ортақ киножобаны қолға алды.
«Адам бол!» фильмі - Нолливуд компаниясымен бірегей ынтымақтастықтың нәтижесі. Бүгінде Нолливуд киноиндустриясы 5,1 миллиард долларға бағаланып, Америка Құрама Штаттары мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр.
Жаңа фильм - екі компанияның ортақ туындысы. Оны жүзеге асыруға Нолливудтың продюсерлері, режиссерлері, сценаристері мен операторлары атсалысуда. Фильм Қазақстанда ғана емес, Нигерияда, сонымен қатар бүкіл Африка құрлығында Netflix Africa және Prime TV танымал платформалары арқылы прокатқа шығады.
Алмас Әлімжанов, режиссер:
- Жарты жылдан астам уақыт қызу дайындық жұмыстары жүрді. Бірігіп сценарий жаздық. Біз жазған сценарийді олар алып түзету жұмыстарын жасады, оны біз ары қарай толықтыру жұмыстарын жасадық. Енді міне бірлескен бір фильм жасауға кірістік.
Чета Чуку, режиссер (Нигерия):
- Осыдан 6-7 ай бұрын қазақстандық әріптестеріммен алғашқы кездесуім мені осы кәсіби сапарға дайындады. Бізде екі тілде сөйлейтін екі режиссер, Мысырдан келген оператор бар, бұл шын мәнінде көп мәдениетті жоба және ол көп уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді.
Фильм сюжеті кездейсоқ Африкаға барған үш жігіттің төңірегінде өрбиді. Басты кейіпкерлер көптеген сынақтардан өтіп, өмірлік құндылықтарды қайта бағамдайды. Тіпті, қылмыс әлемі өкілдерінің өзгеруіне ықпал етеді.
Чимези Имо, актер, атқарушы продюсер:
- Түсірілім алаңында режиссердің көзқарасын түсіну маңызды. Алғашында тілдік кедергі бар, қалай болар екен деп алаңдағаным рас. Алайда, бұл қиындықтар шығармашылық адамын алға жетелейтініне көзім жетті. Мықты киножұлдыздардың басын қосқан жоба ерекше болатынына сенімдімін.
Фильмге қазақстандық Рауан Романи, Рысқұл Қонақбаев, сонымен қатар Африканың танымал актерлары Самуэль, Чарльз Окоча, Эбеле Окаро түсуде. Жаңа туынды наурыз айының соңында көрермен назарына ұсынылмақ. Авторы: Гүлжан Көленқызы