Алматыдағы музейлер оқушылар үшін тегін жұмыс істейді

«Әлемнің әйгілі әйелдері» атты көрме

Әлемнің ұлы әйелдері. Елордадағы «Хас Санат» галереясында осындай атаумен көрме ұйымдастырылды. Елге белгілі 7 суретші 60-қа жуық картинасын ұсынды. Қылқалам шеберлері мәңгілік тақырып - әйел затын шығармасына арқау еткен. «Тарих куә, қазақта атты түсіп, жаяу жатып қараған небір сұлу, ерлігі мың еркекке татитын арулар мен мұқым елді билеген ақылгөй әйелдер болған. Бүгінгі іс-шара нәзік жандардың қадір-қасиетін, болмысын ұлықтайды», - дейді ұйымдастырушылар. Бірегей жоба бұған дейін Түркия, Бакуде өтіп, көптің қызығушылығын тудырды.

Қазақ операсының інжуі

Ал «Астана-Опера» сахнасында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы қойылды. Туынды қазақтың әншілік өнерінің бар сән-салтанатын паш етеді.  Ұлттық классика жауһары театр репертуарында бұрыннан бар. Десе де әлі күнге көпшілікті жалықтырған емес. Оның үстіне, ұжым тарихи шығармаға жаңа леп беріп, жетілдіріп келеді. Өткен ғасырға сапар шектіретін 3Д бейнелер - соның айғағы. Екі жылдан кейін 80 жылдығы тойланатын қойылым бұл жолы да жас әртістердің сомдауымен жаңара түскендей.

Музейлер оқушылар үшін тегін болады

Бұдан былай, Алматыдағы музейлер оқушылар үшін тегін жұмыс істейді. Осылайша, өскелең ұрпақ ұлтымыздың бай мұрасымен кедергісіз таныса алады. Елдің өткенін білу - тәрбие көрінісі. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, бастама  балалардың төл тарихымыз бен мәдениетімізге қызығушылығын арттырады. Тегін музейлердің тізімін Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайты жариялады.

Париждегі сән апталығы

Франция астанасы Париждегі сән апталығында әлемдік танымал дизайнерлер бас қосты. Шара мақсаты - көктем және жазға арналған киім топтамаларының арасынан ең үздігін таңдау. Қатысушалар арасында отандасымыз да бар. Нұржамал Нұрпейісованың қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері заманауи үлгіде көп назарына ұсынылды.  

Сән әлемінің шаһары Парижде өз топтамасын көрерменге паш ету кез келген дизайнердің арманы. Қазақстандық сәнгер Нұржамал Нұрпейісова бұл мұратына 20 жылдан кейін ғана қол жеткізді. Қазір ұлттық құндылығымызды заманауи сәнмен ұштастырып жүрген отандасымыз сән әлеміне танымал тұлғаның бірі.

Ясмин Геам, «Moi Femmes Paris» журналының журналисі:

- Сәнқой париждіктер үшін сән апталығы нағыз мереке іспеттес. Бүгін ұлттық киімдердің замануи үлгісіне куә болдық. Бұл әр ұлттың өзіне тән бір ерекшелігінінің айқын көрінісі. 

Нұржамалдың қолынан шыққан киім-кешектер, Скьяпарелли, Диор сынды танымал брендтермен қатар көрсетілді. Дизайнердің өзі ұлттық оюмен өрнектеліп, алтын жіппен көмкерілген барқыт көйлектерді тігуіме қазақтың ұлттық әні Алтынай шабыт берді дейді .

Нұржамал  Нұрпейісова, дизайнер:

- Бұл шарада өз коллекцияларымды көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Себебі мұндай мүмкіндік бәріне бірдей бұйыра бермейді. Бүгінгі сән көрсетілімі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оны көруге келгендердің де қарасы көп.

Сән апталығының ең қызықты бөлімі - жоғары сән шоулары. Онда танымал дизайнерлердің туындылары көрсетіледі. Соның бірі - Франка Сорбье. Оны француз сән сыншылары өнердің падишасы деп атайды. Шебер тіккен көйлектер өте аз көлемде шығарылады.

Фрэнк Сорбье, жоғары сән үйінің негізін қалаушы:

- Мен өз шығармашылығым арқылы сән әлемінің барлық халыққа ортақтығын жеткізгім келеді. Яғни, ұлттар мен ұлыстар алуан түрлі болғанымен, бағзы заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне қарап ұқсас белгілерді табуға болады.

Францияның сән қауымдастығы пандемия кезінде де өз жұмысын тоқтатпады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі дизайнерлерге ортақ онлайн-платформа ашты. Бұл Париж сән апталығының мүмкіндігін кеңейтіп, көрермендерінің қарасын арттыра түскен.  

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан