ЕХРО-2017 көрмесіне дайындық барысы жоғары дәрежеде өтіп жатыр. Заманауи ғимараттар құрылысы және өзге мемлекеттермен жасалып жатқан байланыс барша әлем халықтарының назарын Астанаға аудартты. Орталық коммуникациялар қызметіне келіп сұхбат берген Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес осылай деді. Ол ЕХРО-2017 көрмесіне қатысушылардың екінші жиналысы барысында қалашық құрылысымен егжей-тегжейлі танысып, осы уақытқа дейін атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Алайда жоспар бойынша іске асуы тиіс бастамалар қатары жетерлік. Бүгінде әлемдік шараға 75 ел мен 14 халықаралық ұйым қатысатынын растады. Алдағы уақытта көрмеге қатысушы мемлекеттер қатарын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Висенте Лоссерталес, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы: - Мен барлық әлем ЕХРО-ны, Қазақстанды өз көзімен көргенін қалаймын. Қазақ жерінің керемет табиғатында дем алып, қонақжай тұрғындарымен танысса деймін. ЕХРО көрмесі жан-жақты диалог алаңы болмақ. Елге келген қонақтар маңызды ақпарат алып қана қоймай, бірегей мемлекеттің мәдениетімен танысады.