Әлемдік автокөлік өнеркәсібі $12 млрд шығынға ұшырады
Дональд Трамп әкімшілігінің тарифтік саясаты салдарынан әлемдік автокөлік өнеркәсібі 12 миллиард доллар шығынға ұшырады.
Бұл туралы The Wall Street Journal хабарлады. Басылымның мәліметінше, бұл COVID-19 пандемиясынан бергі автосала үшін ең ірі экономикалық нұқсан. Импорттық баж салығының артуына байланысты АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропа автоконцерндері өндірістік желілерін қайта құрылымдап, жеткізу тізбегін өзгертуге мәжбүр. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс алдағы жылдары саланың шығындарын еселеп арттырады.
WSJ жариялаған рейтингке сәйкес ең көп шығынға ұшыраған компания тізімінде көшті Toyota бастап тұр. Жапондық алпауыт 3 миллиард доллардан қағылған. Одан кейінгі орында Volkswagen – 1,5 миллиард. Ал америкалық General Motors – 1,1 миллиард доллар кірісінен айырылған. Сондай-ақ тізімде Ford, Honda, BMW, Hyundai, Kia, Mazda және Nissan компаниялары да бар.