Бейжіңде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Бейжіңде «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми туроператоры қытайлық әріптестеріне Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін таныстырды.

Келер жыл «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» деп жарияланғаны белгілі. Алайда қазақ елі ғана емес, Дания, Австралия, Швеция сияқты мемлекеттер де алдағы жылды қытайлық туристерге арнап отыр. Қазақстан іргедегі көршісінен қанша турист тартуға қауқарлы?

ШЫҰ Бас штаб-пәтерінде Қазақстанның көркем жерлері, соның ішінде Астана халықаралық көрмесінің мүмкіндіктері таныстырылды. «ЭКСПО» ресми туроператорын басқаратын Әсем Қозбағарова қытайлық екі бірдей үлкен туристік агенттікпен өзара әріптестік жөнінде келісімге қол қойды. Оның айтуынша, тек биыл Sky Way компаниясы арқылы 200-ге жуық қытай саяхаттап келген. 2017 жылы Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалауға одан да көп турист келеді деп үміттенеді.

Әсем Қозбағарова, Sky Way компаниясының бас директоры:

- Меніңше, таныстырылым өте сәтті болды. Қытайлық туроператорлар тарабынан Қазақстанға барып келу мәселесіне байланысты сұрақтар көтерілді. Бұл бағытта қазір Үкімет жағынан да белсенді түрде жұмыстар атқаралып жатыр. Келер жылы біз қытай туристерін қарсы алуға көбірек дайын боламыз.

Алайда қытайлық туристік агенттіктер әлі де болса, Қазақстан жарнамасының жеткіліксіз екенін айтады. Негізінен қазақ жерімен танысуға іргедегі Шыңжаннан саяхаттаушылар барады. Ал Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу сияқты үлкен қалалардан баратын туристер жоқтың қасы.

Юй Жя, қытайлық туристік компания басшысы:

- Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесі туралы таныстыру жұмыстары әлі де болса, жеткіліксіз деп ойлаймын. Бізге туристер үшін қандай жағдай жасалатыны қызығырақ. Қытайлық саяхаттаушылар Қазақстанға барғанда не көремін деген сұрақ қояды. Ал ол сұраққа жауап беретін, осы бағытта жұмыс істеп жатқан туристік компаниялар тым аз.

Биыл туристік топтарға виза беру келісіміне қол қойылғалы Қазақстанға шығыстағы көршімізден 600-дей саяхаттаушы барған. Астана халықаралық көрмесіне Қытайдан қанша турист баратыны «ЭКСПО» көрмесіне 2-3 ай қалғанда белгілі болады. Оған дейін саяхаттаушыларды қызықтыра білуіміз керек. Өйткені туризм толағай табыс көзі.

Сұлтан Қинжақұлов, ҚР ҚХР Елшілігінің кеңесшісі:

- Қытайлық туристер өткен жылы шетелге шығып, 165 млрд доллар жұмсаған. Сол үшін де біз қытайлық туристерді Қазақстанның нарығына тартуға қызығушылық білдіріп жатырмыз. Сол бағытта жұмыс жүріп жатыр.

Қазақстан қытай туристері үшін 2017 жылы Дания, Австралия, Швеция сияқты мемлекеттермен таласқа түседі. Өйткені бұл елдер де келер жылды Қытайдың туризм жылына деп арнап отыр.

Авторлары: Н.Бекен, Ж.Суй