Қытай бірінші болып ЕХРО-да павильонды әрлеу жұмыстарына кірісіп кетті

Қытай Астана халықаралық көрмесіне қатысушылардың арасында бірінші болып павильонын әрлеу жұмыстарына кірісті.

Бұл туралы Бейжіңде өткен Қытай павильонының таныстырылу рәсімінде белгілі болды. Аталған шараға жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен ЕХРО-ға қатысатын компаниялар келді. Оны осы елдің халықаралық сауданы ынталандыру комитеті мен Қазақстанның елшілігі бірлесіп ұйымдастырды. Орташа есеппен көрмені тамашалауға көрші елден 350 мың турист келеді.

Қытай павильонының тақырыбы «Болашақ энергиясы, жасыл Жібек жолы» деп аталады. Демек, көршіміз озық технологияны дамытудағы өткені, бүгіні және келешегін таныстырады. Осы саладағы соңғы жаңалықтарын паш етеді. Астана халықаралық көрмесіне Қытайдың 24 аймағында жұмыс істеп жатқан үлкен энергетикалық компаниялар қатысады. Көрме барысында көптеген іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, энергетикалық, туристік саладағы қазақ-қытай қарым-қатынасына арналған форум, әйгілі терракот әскерлерінің көрмесі және тағы да басқа мәдени шаралар жоспарланған. Ең бастысы, Қытай «жасыл» энергиядағы жетістіктерін жария қылады.

Ван Тунь, Сесинь корпорациясының стратегиялық жоспарлау бөлімі менежері:

- Біздің корпорация жаңа қуат көздерін өндіру мен қолданысқа енгізу бойынша Қытайда бірінші орында. Әлемнің көптеген елдерінде филиалдарымыз бар. Сесинь корпорациясы күн батареясын, табақшаларын шығарады. Қазір күн энергиясы генераторларын өндіре бастадық, осы саладағы стансаларға инвестиция саламыз. Сондықтан Астанада өтетін ЕХРО-ға қатысу арқылы әлемге өз компаниямыздың жетістігін таныстыруға мүмкіндік алдық. Қазір біз Астана көрмесіне қызу дайындалып жатырмыз. Меніңше, халықаралық көрме баламалы қуат көздерін дамытуға үлкен серпін береді деп ойлаймын.

Көрмеге қатысатын 112 мемлекеттің бірсыпырасы қазір павильондарын қабылдап алған. Солардың арасында Қытай бірінші болып 1 мың шаршы метр павильонын алып, қазір әрлеу жұмыстарын бастап кетті. Қытайдың ұлттық комиссары Ван Цзиньчжэн «дайындық жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр», - дейді. Оның сөзінше, ресми Бейжің Астана көрмесіне үлкен мән беріп отыр.

Ван Цзинь Чжэн, Қытай павильонының ұлттық комиссары:

- ЕХРО көрмесі кезінде туризм, энергетика тақырыбында форум ұйымдастыру жоспарда. Оған Қытай кәсіпорындары өткізетін шараларды қосыңыз. Әрине, мұның бәрі Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайта түседі. Сонымен қатар, екі елдің өзара энергетика, экономика саласындағы әріптестігіне жаңа серпін берері анық. Біз ЕХРО көрмесін насиxаттауға кірісіп кеттік, алдағы уақытта да әртүрлі медиа құралдарын пайдаланып, Астана көрмесі туралы ақпараттандыруды жүргізе береміз. Мен бұл жерде Қазақстан тарапының үлкен қолдау көрсетіп отырғанын айта кетейін. Сондықтан біз Астана ЕХРО көрмесінің сәтті өтуіне бар үлесімізді қосуға тырысамыз.

Биыл Қазақстанда Қытайдың туризм жылы болып жарияланды. Сондықтан Астанадағы ЕХРО-ны тамашалуға іргедегі көршімізден 350 мың турист келеді. Қытай павильонының ұлттық комиссары Ван Цзиньчжэн болжамы осындай.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй